Ресейдің ең романтикалық қалалары аталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - TripAdvisor туристік сервисі саяхатшылардан сауалдама жинап, Ресейдің ең романтикалық он қаласын анықтады, деп хабарлады Лента.ру.
Туристер Балтық теңізі жағасындағы курорттар мен «Алтын сақина» белдеуіндегі қалаларды көбірек таңдаған.
Тізімге жас жұбайлар мен ерлі-зайыпты адамдардың романтикалық демалысына жайлы қонақүйлері, мейрамханалары және көрнекті орындары бар қалалар кірді.
Бірінші орынға Санкт-Петербург қаласы маңында орналасқан Петергоф қаласы шықты, ол өзінің сарай-саябақ ансамблімен, баққа және субұрқақтарға оранған Үлкен сарайымен танымал. Мұнда әсіресе үйленіп жатқан жас жұбайлар фотосессияға түсу үшін көптеп келеді.
Екінші орын Балтық теңізінің жағасындағы Зеленоградскіге берілді. Ол өзінің табиғатымен және жағажайларымен туристерді тартады. Үшінші орында Ростов Великий. Мұнда келген туристер сәулет ескерткіштерін, монастырлар мен шіркеулерді, ХVII ғасырда салынған ақшаңқан Кремльді тамашалайды.
Осындай қалалар ондығына Выборг, Суздаль, Светлогорск, Листвянка, Переславль-Залесский, Углич, Псков енді.