Ресейдің көлік зауыттары сатылымның азаюы салдарынан өндірісін қысқартуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Ресейдің бірнеше көлік шығарушы компаниясы зауыттарының жұмыс уақытын қысқарту жоспары туралы жариялады. Бұған компанияларда ақпан айында көліктер сатылымының азаюы себеп болды, деп жазады РБК.

Ресейдің көлік зауыттары сатылымның азаюы салдарынан өндірісін қысқартуда

Автомобильдер сатылымының күрт азаюы салдарынан Ресейдегі бірнеше көлік зауыты шығару көлемдерін төмендетуде. Всеволожск қаласындағы Ford зауыты қысқартылған жұмыс аптасына өтпекші. Петербургтегі Nissan зауыты өндірісін екі аптаға тоқтатпақ. Volkswagen Group Rus Төменгі Новгородтағы Горький көлік зауытындағы Volkswagen және Skoda автокөліктерін шығару өндірісінің көлемін қысқартып отыр.

Всеволожскідегі Ford зауытының 25 мамырдан бастап жұмыстың үш күндік мерзіміне өтуі мүмкін екені туралы кәсіпорын кәсіподағындағы дереккөзі хабарлады. Аймақаралық кәсіподақтың жұмыс қауымдастығының есімі аталмаған өкіліне сілтеме жасаған «Ведомости» газеті Петербургтегі Nissan зауытының дүйсенбіден бастап 16-31 наурыз аралығында демалысқа кету арқылы өндірісін тоқтатуы мүмкін деп хабарлады. Компанияның өкілі мәжбүрлі демалыстың мерзімін растамаса да, ақпан айынан бастап зауыттың азайтылған өндіріске өткенін, соған байланысты жұмыстың тоқтауы мүмкін екенін атап өткен. Nissan басшылығы күрделі экономикалық жағдай мен сұраныстың күрт азаюына назар аударып отыр.

Volkswagen тобы 2015 жылдан бастап Калугадағы зауытында Audi көлігінің үш моделі: Q5 және Q7 кроссоверлерін, сондай-ақ A7 хэтчбегін жинауды тоқтатты, деп хабарлады «Ведомости» газетіне топтың өкілі. Наурыз айынан бастап Төменгі Новгородтағы Volkswagen және Skoda автомобильдерінің өндірісі төрт күндік жұмыс аптасына ауыстырылды. Бұл туралы компанияның жұртшылықпен байланыс бойынша директоры Наталья Костюкович хабарлаған.

Қысқартуларға дилерлер де дайындалуда. Өткен бейсенбіде «Ресейдегі автомобиль дилерлері» қауымдастығының президенті Владимир Моженков ағымдағы жылы Ресейдегі көлік сатылымдары 1,5 млн. автомобильге дейін қысқаруы ықтимал екенін мәлімдеді.