«Ресейдің Орталық Азиядағы саяси ұстанымы Қазақстанның мүддесіне қайшы келіп жатқан жоқ па?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 27 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 27 қыркүйек, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Ресейдің Орталық Азиядағы саяси ұстанымы Қазақстанның мүддесіне қайшы келіп жатқан жоқ па?» - республикалық басылымдарға шолу

***

Үстіміздегі жылдың 13 қыркүйегінде Америкалық Самоа өкілі, аса құрметті Эни Фалеомаваега АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасында сөз сөйлеген болатын. Онда ол палата Спикеріне өзінің 2012 жылғы 29 тамызда Қазақстан елордасында өткен «Ядролық сынақтарға тыйым салудан - ядролық қарусыз әлемге» деген тақырыпта ұйымдастырылған халықаралық конференцияда сөйлеген сөзін Конгрестің Ресми хаттамасына енгізгісі келетінін мәлімдеген еді. Осы мәселе «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Жаһандық ядролық қарусыздану саласындағы көшбасшылық» деген тақырыптағы мақалаға арқау болған. «Мен Президент Назарбаевқа бейбітшілікті ілгерілету  және бүкіл әлем бойынша ядролық сынақтарды өткізуге тыйым салу ту­ралы бастамасы үшін ризашылығым­ды білдіремін және оның бұл еңбегін жоғары бағалаймын. Бұл ризашылығымды Қазақстан хал­қы­ның, Маршалл Аралдары Рес­публикасы халқының және басқа да осы бастамаға қосылғысы келетін елдер жұртшылығының аты­нан білдіремін», - депті ол. 

Президент Н. Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласы Қазақстанның тиімді және әлеуметтік даму жолында екендігінің нақты белгісі болып табылады. Әлбетте заң ғылымында дамушы ел ретінде мемлекеттік реттеу мен қоғамның өзін өзі басқаруында үйлесімділік бар ел танылады. Ал осы кезге дейін батыста  тиімді ел ретінде халықты жарылқаушы және әл-ауқатты мемлекет деп есептелініп келген еді. Бүгінгі таңда ғалымдар арасында бұл тұжырымдаманың орнына жаңа, яғни еңбекші мемлекеті, еңбекке қолайлы жағдай жасау мемлекеті туралы идея қалыптасты. Елбасының Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам идеясы әлемдік қоғамтану ғылымының негізгі даму бағыттарымен ұштасатындығы байқалады. Осы мәселеге орай «Егемен Қазақстан» газеті Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мемлекет және құқық теориясы мен тарихы кафедрасының  доценті, «Академик С. Зиманов атындағы білім заңнамасы» ҒЗО директоры Бақыт Алтынбасовқа жолығып,  жалпыға ортақ еңбек қоғамына бастар заңды жолдар туралы әңгімелескен. Сұхбат «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына жол» деген тақырыппен берілген.

***

«Он екі мүшесі сау адамдардың өзіне жеңіл болмай тұрған мына заман мүгедектер үшін тіптен қиынға соққаны рас. Бүгінде олардың жұмысқа орналасуы, көшеде жүріп-тұруы, жәрдемақысы, әлеуметтік жеңілдіктері бәрі-бәрі бітпейтін мәселеге айналған», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі санындағы «Аяғына 10 келі жүк байлаған мүгедек қалай жүрмек?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, оларға мемлекет тарапынан қарастырылған медициналық көмек мәселесінде де көсегені көгертпей тұрған тұстары көп. Бірі тегін берілетін қажетті дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмай амалы таусылса, енді бірі мүгедектік арбаға, протезге қол жеткізе алмай тауы шағылып жүр. «Өйткені бүгінгі таңда мүгедектердің мүмкіншілігін арттырып, ауырын жеңілдету үшін жасалып жатқан шаралар көңіл толтырарлық емес. Мысалы, әрбір мекемедегі жұмысшылардың үш пайызы мүгедектер болуы тиіс. Ол заңмен бекітілген. Алайда осы заң талабын орындап жатқан да, орындалуын қадағалап жатқан да қазірге ешкім жоқ», - делінген мақалада. 

Сырт көріністе Қазақстан мен Ресейдің саяси ұстанымдары кез келген мәселеде түйісіп жатқандай көрінеді. Алайда Ресейдің Орталық Азияға қатысты ұстанымында, әсіресе экономикалық мәселелерде мүдде қайшылықтары жоқ емес сияқты. Жуырда ғана бірқатар көршілес елдерге сапар жасаған Владимир Путин Қырғызстанның қарызын кешіріп, Су электр стансысын салып беретін болып, Тәжікстанның Рогунск СЭС-інің құрылысына қолдау білдірмек болып жатқанын кейбір сарапшылар Ресейдің Орталық Азиядағы ұстанымы біздің мүддемізге қайшы келеді деген пікір айтып үлгерді. Расымен солай ма? Бұл жайында білгіңіз келсе «Алаш айнасы» газетінің «Ой-Көкпар» айдарындағы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім меңгерушісі Болат Әуелбай мен Шекаралық әріптестік қауымдастығының сарапшысы Марат Шибұтовтың пікірлерімен таныс болыңыз. Тақырыбы - «Ресейдің Орталық Азиядағы саяси ұстанымы Қазақстанның мүддесіне қайшы келіп жатқан жоқ па?».

***

«Айқын» газетінің жазуынша, «Атамекен» Одағы» Қазақстан Ұлттық экономикалық палатасы соңғы кездері жұмысын жандандыра түсті. Бұған Елбасының еліміздегі кәсіпкерлердің бір шаңырақ астына бірігіп, мүдделерін ортақ ұстаныммен қорғауға шақыруы да себеп болса керек. Соның нәтижесі шығар, тек бір жылдың өзінде «Атамекенге» бизнесмендердің тарапынан 400-ден астам әртүрлі арыздар мен ұсыныстар жолданған. Одақ жанынан құрылған кәсіпкерлердің құқын қорғау бойынша қоғамдық кеңес хаттарды негізге алып, құзырлы органдардың назарын аудартып, заңсыз қабылданған шешімдерді бұздырту үстінде. Бұл жайында «Атамекен» Одағы» ҚҰЭП Президиум Бюросының кеңейтілген отырысында басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мәлімдепті. Мақала «Кәсіпкерлердің табысына кім ортақтасып отыр?» деген тақырыппен берілген.

***

«2021 жылы, яғни Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығында ҚР Ұлттық ядролық орталық ғалымдары бұрынғы Семей ядролық полигонының аумағын зерттеу және сауықтыру мәселелерін толығымен шешпек», деп жазады «Литер»  газеті «Реабилитация земли»  деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, бүгінгі таңда жарылыс салдарынан бүлінген жердің 4 мың шаршы метрі толығымен зерттелген. Сонымен қатар полигонның 3 мың шаршы метр жерін ғалымдар шартты түрде таза деп таныған.  Яғни, бұл аумақтар халық шаруашылығына пайдалануға болады деген сөз.