Ресейдің Самара облысында жол апатынан 12 адам қаза тапты
МӘСКЕУ. ТАСС-ҚазАқпарат – Ресейдің Самара облысында жүк көлігі, жеңіл көлік және шағын жолаушылар автобусы соғылған жол апатында 12 адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
«Қазіргі мәлімет бойынша жол-көлік оқиғасынан 12 адам қаза тапты. Тағы 12 адам түрлі жарақат алды. Бес адам жансақтау бөлімінде жатыр», - делінген Ресейдің Тергеу комитеті таратқан хабарламада.
Облыс басшысы Дмитрий Азаровтың айтуынша, жол апатынан зардап шеккендер Сызрандағы орталық ауруханаға жеткізілген. Самараға көмекке Тольятти қаласынан жедел жәрдем бригадалары жіберілген. Жол апатынан Ульянов және Самара облыстарының тұрғындары зардап шеккен.
Жол апаты жұма күні кешке федеральдық «Урал» М-5 тас жолының 873-шақырымында Самара облысының Заборовка кентінің жанында болған. Жүк көлігі, жеңіл көлік және шағын жолаушылар автобусы бір-біріне соғылған.