Ресейдің танымал әншісі Елена Воробей қазақ тілінде ән шырқады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің танымал әншісі, актриса, юморист Елена Воробей елордада өткен «Бауыржан FEST» әзіл фестивалінде әзіл өнеріндегі әріптестерімен қосылып, «Астана» әнін қазақ тілінде орындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетсек, І Халықаралық «Бауыржан FEST» әзіл фестивалі Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен бүгін Астанада өткізілді. Әзілмен көптің көңілін көтерген концерт алдында көрермендерді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және жоба авторы ҚР Еңбек сіңірген әртісі Бауыржан Ибрагимов 1 мамыр - Бірлік күнімен құттықтады.
«Осындай ауқымды шараны ұйымдастырып отырған әйгілі азаматымыз Бауыржан Ибрагимовке мың да бір алғысымызды айтқымыз келеді. Бүгін достарын шақырып, бәрімізге әдемі әзіл кешін сыйлап отыр. Келешекте осындай мерекелі кештер көп болсын», - деді сөйлеген сөзінде Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Бұдан кейін әзілдің шымылдығы ашылып, «TTТ» әзіл театрының эстрада әртістері (Қазақстан), Мәскеудегі «Кривое зеркало» әзіл театрының өнерпазы Карен Аванесян (Армения), «Екі езу» әзіл театрының әртістері (Қазақстан), ресейлік әйгілі пародияшы Андрей Баринов, жас дарынды әзілкеш Оқан Акима (ҚХР), Ду-ду дуеті (Қазақстан), дағыстандық әзілкеш Юсуп Омаров, «Шаншар» театрының эстрада әртістері (Қазақстан), эстрада жұлдыздары Кумондор Абылов (Қырғызстан) және Жүсіп Ақшора (Қазақстан), украиналық Владимир Данилец пен Владимир Моисеенко, «Бауыржан шоу» театрының әртістері, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Елена Воробей көрерменді күлкіге қарық қылды.
Қайталанбас кешке ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Көпен Әмірбек, профессор, академик Бүркіт Аяған, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ринат Кертаев, Ғабит Мүсірепов атындагы Жастар театрының директоры Сәбит Әбдыхалықов қонақ ретінде қатысты.
Айта кетсек, І Халықаралық «Бауыржан FEST» әзіл фестивалі ертең Алматы қаласында өткізіледі.