Ресейдің 76 өңірі Қазақстан облыстарымен тікелей әріптестік байланыс орнатты - Владимир Путин

Ресейдің 76 өңірі Қазақстан облыстарымен тікелей әріптестік байланыс орнатты. Бұл туралы Бұл туралы Қостанайда өтіп жатқан Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин айтты, деп хабарлайды kazinform.

путин
Фото: Ақорда

«Бұл күндері Қостанайда екі елдің 30-дан астам өңірінің өкілдері - билік органдарының басшылары, заң шығарушылар, министрліктер мен ведомстволардың, бизнестің, ғылыми және қоғамдық топтардың өкілдері жиналды. Яғни, біздің қарым-қатынастарымыздың барлық кешенінде - саясатта, экономикада, гуманитарлық салада дамудың практикалық аспектілерімен күнделікті айналысатындар», - деді Ресей Президенті.

Ол Қазақстан Президентінің белсенді және бастамашыл жұмысының арқасында екі елдің өңірлер желісі бойынша ынтымақтастық тереңдей түсіп, нақты мазмұнмен толықтырылатынын айтты.
«Қазіргі уақытта Ресей Федерациясының 76 өңірі Қазақстан облыстарымен тікелей әріптестік байланыс орнатты. Өңіраралық сапарлармен алмасу тұрақты сипатқа ие болуы да маңызды. Биыл, атап айтқанда, Якутия, Астрахан, Челябі облыстарының басшылары Қазақстанның әртүрлі аймақтарына өте нәтижелі жұмыс сапарларын өткізді. Қазақстандық өкілді делегациялар Красноярск экономикалық форумына және Бурятияның 100 жылдығына арналған іс-шараларға қатысты», - деді Владимир Путин.

Ресей Президентінің айтуынша, аймақтық өзара іс-қимылдың нәтижелі шарттық-құқықтық базасы үнемі дамып, толықтырылып отырады. Оның ішінде екі елдің үкіметтері арасында 60-тан астам келісім бар.

«Менің білуімше, осы форумның қорытындысы бойынша қол қоюға бірқатар жаңа келісім мен меморандумдар, сондай-ақ жалпы сомасы 100 миллион долларға жуық коммерциялық келісімшарттар дайындалды. Бұл Ресей-Қазақстан экономикалық байланыстарының қалай табысты дамып келе жатқанын айқын көрсетеді. Осыған байланысты өңірлердің тікелей белсенді қатысуымен Қазақстанмен өзара тауар айналымымыз 2022 жылы 10 пайыздан астамға ұлғайғанын атап өткім келеді. Біздің статистика бойынша – 28,2 млрд доллар», - деді ол.