Ресейдің Қазақстаннан бензин қорын сұрағаны рас па
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Энергетика министрлігі Ресейдің Қазақстаннан бензин қорын сұрағаны туралы ақпаратқа пікір білдірді.
Бұған дейін бірнеше ақпараттық сайт, оның ішінде әлемдік Reuters агенттігі Ресейдің Қазақстаннан 100 мың тонна көлемінде апаттық бензин қорын құруды, қажет болған жағдайда оны жедел жеткізуді сұрағанын хабарлаған еді.
Мұндай өтініш Ресей мұнай өңдеу зауыттарында жоспардан тыс көптеген жөндеу жұмыстарына байланысты жасалған дейді олар.
«Қазіргі уақытта Ресей Федерациясының Энергетика министрлігінен бізге мұндай сұраныс түскен жоқ. Сондықтан ақпарат расталмайды», - деп жауап берді ҚР Энергетика министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Ілиясов.
Айта кетейік, елімізде мұнай өңдейтін үш зауыт бар.
Наурыз айында зауыттарда бензин мен дизельдің 1,2 млн тонна қоры жинақталған.