Ресейдің құрылыс саласында қағаз құжат қолданылмайтын болады

МӘСКЕУ.KAZINFORM - 2027 жылдан бастап елде құрылыс құжаттамасын, атап айтқанда, жобалық құжаттаманы, сметаларды және сараптама қорытындыларын қағаз жүзінде қабылдауды тоқтатуы мүмкін. Бұл туралы вице-премьер Марат Хуснуллин мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі «РИА Новости»-ге сілтеме жасап.

бизнес
Фото: pixabay

Ол билік өкілдері цифрландыруды жылдамдату және еңбек өнімділігін арттыру мақсатында құрылыс саласын толығымен электронды форматқа көшіруге дайын екенін атап өтті.

Вице-премьердің сөзінше, барлық құжаттама тек электронды түрде жасалатын болады. Бұл барлығын бағдарламалық өнімдерге көшуге және технологияларға инвестиция салуға мәжбүр етеді. Ол мұндай көшуді нарық үшін қатаң шара деп мойындады, бірақ оны қажетті деп санайды. Билік цифрландыру саланың басты мәселелерінің бірі – кадр тапшылығын шешуге көмектеседі деген үмітте.

Сондай-ақ ол соңғы алты жылда Ресейдегі құрылыс жұмыстарының көлемі 34%-ға өскенін түсіндірді. Бұрынғы өнімділікті сақтайтын болса, салаға жұмысшылар санын қазіргі 7 миллионнан 10 миллион адамға дейін арттыруға тура келер еді.

Үкімет 2030 жылға қарай құрылыстағы еңбек өнімділігін 22%-ға арттыруды көздеп отыр. Ол үшін цифрлық сервистер мен жасанды интеллектіні дамыту, құрылыс мерзімдерін қысқарту, роботтар мен шағын механизацияны белсендірек енгізу, сондай-ақ құрылыс білімін жаңғырту жоспарланып отыр.

Ол сондай-ақ компаниялардың технологиялық жаңаруы үшін тұрақты табыстылық қажет екенін атап өтті. Техника мен автоматтандыруға инвестициясыз саланың тиімділігін арттыру мүмкін емес.

Бұдан бұрын Қазақстан мен Ресей Сыртқы істер министрліктері ынтымақтастық бойынша іс-шаралар жоспарын бекіткені туралы жаздық.