Ресейдің мұнай экспортынан түсетін табысы төмендеді
АСТАНА. KAZINFORM — Ресейдің шикі мұнай экспортынан түсетін кірісі энергия бағасының төмендеуіне байланысты соңғы екі жылдағы ең төменгі деңгейге дейін түсті, деп хабарлайды haqqin.az Bloomberg-ге сілтеме жасап.

Танкер деректеріне сәйкес, төрт апта ішінде Ресейден 25 мамырға дейінгі орташа тәуліктік мұнай жеткізілімі 3,39 миллион баррельді құрады, бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 10 000 баррельге аз. Алайда экспортталған мұнайдың жалпы құны 2023 жылдың сәуірінен бергі ең төменгі деңгейге түсті.
Мұнай экспортынан түскен кіріс 25 мамырда аяқталған аптада 20 миллион долларға (1%) азайып, 1,26 миллиард долларға жетті, бұл — Ресейдің теңіздегі шикі мұнай экспорты құнының 13 айдан астам қатарынан соңғы төмендеуі.
2024 жылдың 21 сәуірінен бастап экспорттық кіріс аптасына шамамен 1,95 миллиард долларға жеткен кезде ресейлік мұнайдың бағасы 28 пайызға, ал жеткізілім көлемі шамамен 8 пайызға төмендеді. Bloomberg бұл сандарға санкциялардың қаншалықты әсер еткені белгісіз екенін атап өтті.
Сәуір айында Ресей шикі мұнай мен мұнай өнімдерінің экспортынан 13,2 миллиард доллар алды, бұл — соңғы екі жылдағы ең төмен көрсеткіш. Мемлекеттік Дума 2025 жылы мұнай мен газ кірісінің айтарлықтай төмендеуі жағдайында федералды бюджетті толтыру үшін салықты көтеру мүмкіндігін тағы да талқылап жатыр.
Еске сала кетейік, ЕО Ресей мұнайының бағасын 50 долларға дейін төмендетуді ұсынбақ.