Ресейдің Орталық өңірлерінде жеңіл ұшақтар мен дрондардың ұшуына шектеу енгізіледі
МӘСКЕУ. KAZINFORM – Биылғы 20 маусымнан бастап Ресейдің бірқатар орталық өңірінде жеңіл және аса жеңіл әуе кемелері мен азаматтық ұшқышсыз ұшу аппараттарының әуе кеңістігін пайдалануына уақытша шектеулер енгізіледі, деп хабарлайды агенттік Ресейдің Әуе көлігі жөніндегі федералдық агенттігінің (Росавиация) баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шектеулер Мәскеу қаласы, Мәскеу облысының басым бөлігі, сондай-ақ Рязань, Тула, Калуга, Тверь, Ярославль және Владимир облыстарының жекелеген аудандары аумағында қолданылады.
Ведомствоның мәліметінше, Ресей Қорғаныс министрлігінің ұсынысы негізінде Әуе қозғалысын ұйымдастырудың бірыңғай жүйесінің Бас орталығы әуе кеңістігін пайдаланудың уақытша тәртібін енгізді. Ол жер бетінен 5200 метр биіктікке дейінгі аралықтағы ұшуларға қатысты болады.
Сонымен қатар бұл шектеулер мемлекеттік және эксперименттік авиацияның әуе кемелеріне қолданылмайды.
– Уақытша режим 2026 жылғы 20 маусымнан бастап арнайы хабарлама жарияланғанға дейін күшінде болады, – делінген Росавиация хабарламасында.
Ведомство аталған шаралар ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданғанын атап өтті. Мәскеу авиациялық торабы мен Ресейдің басқа өңірлеріндегі әуежайлар арқылы тұрақты және чартерлік рейстер бұрынғы кесте бойынша орындала береді.
Жеңіл және аса жеңіл әуе кемелері негізінен жеке мақсаттағы, оқу-жаттығу, спорттық және ауыл шаруашылығы жұмыстарына арналған шағын ұшу аппараттары санатына кіреді. Аса жеңіл әуе кемелеріне мотодельтапландар, мотопарапландар және ультражеңіл ұшақтардың жекелеген түрлері жатады. Ал жеңіл санатқа жеке авиацияда пайдаланылатын шағын бір қозғалтқышты және екі қозғалтқышты ұшақтар кіреді.
Ресейдің Әуе кодексіне сәйкес, ұшу массасы 5,7 тоннаға дейінгі аппараттар жеңіл әуе кемелері санатына, ал массасы 495 килограмнан аспайтын аппараттар аса жеңіл әуе кемелері санатына жатады.
Айта кетейік, бұған дейін Жапонияның дрон қолдануға қатысты ережелерді қатаңдатқанын хабарладық.