Ресейдің Саратов облысы Қазақстан өңірлерімен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі
МӘСКЕУ. KAZINFORM — Ресейдің Саратов облысы Қазақстан өңірлерімен сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызығушылық танытып отыр, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
Қазақстанның Қазан қаласындағы Бас консулы Ерлан Ысқақов, Саратов облысының экономикалық даму министрі Андрей Разборов және өңірлік Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Илья Бутко кездесу барысында осы мәселелерді талқылады.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық өзара іс-қимылдың тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті. Бұл серіктестіктің негізінде екі елдің ортақ шекарасы мен тығыз экономикалық байланыстары жатыр. Әртүрлі салалардағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында іскерлік миссиялар, форумдар және мәдени-гуманитарлық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Ерлан Ысқақов сұхбаттастарына Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар, сондай-ақ 2026 жылы елде өтетін халықаралық форумдар туралы ақпарат берді.
Кездесуде сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Саратов облысы мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 15 пайызға артқан. Қазіргі уақытта өңір аумағында қазақстандық капиталдың қатысуымен құрылған 27 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.
Сонымен қатар Қазақстанның Бас консулдығы Саратов қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулының кеңсесін ашуды жоспарлап отыр. Бұл бастама өңіраралық байланыстарды жандандырып, іскерлік әріптестікті кеңейтуге ықпал етеді деп күтіледі.
Саратов облысының экономикалық даму министрі Андрей Разборов мұндай кездесулердің практикалық ынтымақтастықты дамытудағы маңызын атап өтті.
— Мұндай сапарлар өңіраралық өзара іс-қимылдың маңызды бөлігі саналады және тәжірибе алмасып қана қоймай, бірлескен жобаларды іске асыру бойынша нақты қадамдарды айқындауға мүмкіндік береді, — деді ол.
Министрдің айтуынша, Қазақстан Саратов облысының экспорт көлемі бойынша сыртқы сауда серіктестері арасында екінші орында тұр. Өңір сондай-ақ білім беру саласындағы ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделі. Қазір Саратов облысында Қазақстаннан келген 300-ден астам студент білім алып жатыр.
Сапар аясында қазақстандық делегация Саратов облысындағы өнеркәсіптік, мәдени және әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады.
Бұдан бұрын Қазақстан солтүстік өңірлерді газдандыру үшін Ресеймен келіссөз жүргізіп жатқанын жазғанбыз.