Ресейдің Ярославль облысында аза тұту күні жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM — Ресейдің Ярославль облысында пиротехника өндіретін кәсіпорында болған өрттен тағы бір адамның көз жұмғаны белгілі болды. Ал 15 адам тілсіз жаудан зардап шеккен. Аймақта 30 қыркүйек — аза тұту күні деп жарияланды.
ТАСС агенттігінің мәліметінше, Переславль-Залесский округінің Кубринск ауылындағы өрт толық сөндірілді. Қазір құтқарушылар оқиға орнында үйінділерді ашу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Бұған дейін өртке байланысты округте төтенше жағдай режимі енгізілген болатын. Оқиға орнында жедел штаб құрылып, оның жұмысына Ярославль облысының үкіметі, Тергеу комитеті, полиция және Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері қатысып жатыр.
30 қыркүйек Ярославль облысында аза тұту күні ретінде жарияланды. Мемлекеттік органдардың ғимараттарында мемлекеттік ту төмен түсіріледі. Телеарналарға, радиостанцияларға және мәдениет мекемелеріне ойын-сауық бағдарламалары мен іс-шараларды тоқтату ұсынылды.
Өңір билігі қаза болғандардың отбасыларына және зардап шеккендерге қаржылай, медициналық және психологиялық көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
— Жағдайды жеке бақылауымда ұстап отырмын. Қайғылы оқиғаның себептерін міндетті түрде анықтап, кінәлілерді жауапқа тартамыз, — деді Ярославль облысының губернаторы Михаил Евраев.
Ресей Тергеу комитеті өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеушілер өрттің шығу себептері мен оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Бұған дейін пиротехника өндіретін кәсіпорында болған төтенше жағдай салдарынан жақын маңдағы 9 көпқабатты тұрғын үйдің зақымданғаны хабарланған болатын. Сонымен қатар тұрғындарды уақытша орналастыру үшін арнайы пункттер ашылды.