Ресейге өте алмай қалған 160-қа жуық жүк көлігі «Жайсан» бекетінде тұр
АСТАНА. KAZINFORM — Ақтөбе облысындағы «Жайсан» автокөлік өткізу пунктінде Ресейге бағыт алған 160-қа жуық жүк көлігі жиналды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
Комитеттің мәліметінше, көліктердің жиналуына Ресейдің «Сагарчин» өткізу пунктіндегі жөндеу жұмыстары себеп болған. Ресей тарапы 4 қыркүйектен бастап жол төсемін ауыстырып жатыр. Осыған байланысты көлік қозғалысы бір жолақ бойынша кері режимде ұйымдастырылған.
Бұл өз кезегінде өткізу пунктінің өткізу қабілетін төмендетіп, шекарадан көліктердің өту жылдамдығына әсер етіп отыр.
Мемлекеттік кірістер комитеті мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Жайсан» бекетінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және Ресей тарапының қабылдау мүмкіндігін ескере отырып, көлік қозғалысын жеделдету шараларын қабылдап жатыр.
— Осы мақсатта өткізу пунктіндегі жұмыс күшейтілді, көлік ағындарын реттеу және оларды жақын маңдағы өткізу пункттеріне ішінара қайта бөлу ұйымдастырылды, ағымдағы өткізу қабілетін ескере отырып, электрондық кезектегі слоттардың саны түзетілді, — делінген хабарламада.
Жүргізушілерге өткізу пунктінің алдында жағдайға байланысты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазіргі жағдай мемлекеттік органдардың бақылауында. Комитет тасымалдаушылардан маршруттарды жоспарлау кезінде шекарадағы ахуалды ескеруді сұрады.
Еске салайық, бұған дейін «Алматы — Бішкек» жолында жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізілетінін хабарлағанбыз.