Ресейге жалға беріліп келген 12 мың га жер Қызылорда облысына қайтарылды
БАЙҚОҢЫР. ҚазАқпарат - Челябинскіде өткен Қазақстан мен Ресейдің XIV өңіраралық ынтымақтыстығы форумы аясында «Байқоңыр» кешенін Жалға беру шартына өзгерістер енгізу туралы Хаттамаға қол қойылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясы бас директорының бірінші орынбасары Александр Иванов пен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов 1994 жылғы 10 желтоқсанда қабылданған РФ Үкіметі мен ҚР Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін Жалға беру шартына өзгерістер енгізу туралы Хаттамаға қол қойды.
Құжатқа сәйкес, Байқоңырға жақын орналасқан Ақай және Төретам ауылдарындағы 11,6 мың гектар жер Ресейге жалға беру аумағынан шығарылып, Қызылорда облысына қайтарылады. Онда алдағы уақытта әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылым дамытылатын болады.
Бұған дейін хабарланғандай , сондай-ақ Челябинскіде зымыран тасығыштардың құлау аумақтарына қатысты және «Байқоңыр» кешенінде, Ақай және Төретам ауылдарында тұратын және жұмыс істейтін қазақстандықтарға медициналық қызмет көрсету туралы құжаттарға қосымша келісімдер жасалды.