Ресейлік әртіс Сергей Безруков қазақстандықтарға «Шынайы ертегіні» көрсетеді
ТАНА. 21 қазан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Бүгін Астанада Ресейдің халық әртісі Сергей Безруков түсірген «Шынайы ертегі» фильмінің тұсаукесеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті.
С.Безруков атап көрсеткендей, картина комедиялық жанрда. Бюджеті аса жоғары емес. Оның режиссері Андрей Мармонтов, сценарийін А.Мармонтовпен бірлесе отырып өзі жазды. Евгений Улюшкиннің жанында жүріп, оған продюсерлік еткен де өзі. Картинаның сюжеті өте бірегей. Безруковтың айтуынша, мұндай фильм қазіргі күні Ресейде - жалғыз. Яғни мектеп оқушыларына арналған, «пайдасы» бар жалғыз ертегі. Ертегі кейіпкерлері осы әлемге сапар шегіп, адамдардың бойынан мейірімділік, қайырымдылық қасиеттерін қайта оятуға тырысады. Ол үшін ажалы жоқ Кащей (Леонид Ярмольник) - патриот олигархқа, Дана Василиса (Ирина Безрукова) - мұғалімге, Орман перісі (Георгий Штиль) - қаңғыбасқа, Ақымақ Иван (Сергей Безруков) - әуе десантшы әскериге айналады.
«Кішкентайымыздан оқып, естіп өскен ертегілер, олардың кейіпкерлері, өткен күннің белесінде қалып барады. Қазіргі әлем «ажалы жоқ Кащейлардың» әлемі. Бұл өте өкінішті. Сондықтан бұрынғы мейірімі мол ертегілерді қайта алып келгім келеді», - дейді ол.
Фильм балалар мен ата-аналарға біріге отырып көруге арналған. Әртістің айтуынша, фильмді Ресейдің Мәдениет министрлігі ризашылықпен қабыл алды. Дегенмен, басында билік өкілдерімен және өзге де түрлі кедергілерді жою үшін біраз әуреленуге тура келген. Олар қолдау білдіру үшін фильмнің әлеуметтік маңызды тұсын іздеген. «Кейін, әйтеуір, тапты», - деді, қалжыңдап Безруков.
Безруков фильмнің тұсаукесерімен «үйінен» шыққанына бір айдан астам уақыт өтті. Ол алдымен, Мәскеуде, одан кейін Воронеж, Пенза, Төменгі Вартов, Түмен және тағы да көптеген басқа қалаларда болды. Ал Қазақстанда картинаны алғашқы болып астаналықтар тамашалайтын болады. Онымен қоса, Безруков фильмнің Қазақстандағы көрсетілімінен қанша ақша жиналатыны оны мүлдем қызықтырмайтынын айтты. «Мен ол туралы ойланатын адам емеспін», - дейді ол.
«Қазақстанды өте жақсы көремін. Астана мен Алматыда сан мәрте болдым. Мұнда адамдар өте мәдениетті, өнерді сүйеді. Қазақстанның өзінің эпостары, өзінің ертегілері бар екендігін білемін. Сондықтан, ресейлік достарынан ұсыныс-өтінішім бар: өтінемін, өздеріңіздің ертегілеріңізді түсіріңіздер. Шет елден жіберіп жатқандарды қанағат етіп отыра бермеңіздер. Кинематографтарыңызбен сөйлесіңіздер. Бұған биліктің назарын аудартыңыздар. Себебі, «өзіміздікі» саналатын ештеңе қалмай бара жатыр», - деп түйіндеді ол.