Ресейлік байқаушыны сайлауға келген халықтың қалың нөпірі таңқалдырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей байқаушысы, РФ Мемлекеттік думасы төрағасының орынбасары, ҰҚШҰ ПА өкілі Владимир Васильевті ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауға келген халықтың көптігі таңқалдырды.

Ресейлік байқаушыны сайлауға келген халықтың қалың нөпірі таңқалдырды

Бұл туралы ол бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

«Сайлау жақсы өтіп жатыр. Халыққа басты Конституциялық міндеттерін орындауға барлық жағдайлар жасалған. Біз сайлау басталмай жатып, 7 сайлау учаскесінде болдық. Барлық жағдайлар қамтамасыз етілген. Мен және өзге де шетелдік байқаушылар ешбір заңбұзушылықты анықтаған жоқпыз», - деді В.Васильев.

Ол сонымен қатар Қазақстан халқының сайлаудағы белсенділігіне де жоғары баға бере кетті.

«Сайлау учаскесіне келгенімізде, оның алдында дауыс беруге ниет танытқан халықтың саны өте көп екендігін көрдік. Менің барлық әріптестерім осы бір ерекшелік басқа да сайлау учаскелерінде болғанын атап өтті. Олардың айтуынша, барлық сайлау учаскелерінде таңғы 7-ден бастап, ұзынсонар кезек тұрған», - деді ол.