Ресейлік мердігерлер «Бәйтерек» жобасының құнын жеті еседен астам көлемде арттырды
АСТАНА. 3 желтоқсан. ҚазАқпарат - Ресейлік мердігерлер «Бәйтерек» жобасының құнын жеті еседен астам көлемге көтеріп, 1,6 млрд. АҚШ долларына жеткізді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабеков мәлім етті.
Жобаның бастапқы құны 223 миллион долларға бағаланған көрінеді.
«Бұл тұрғыда ресейлік қадамдар бізді қатты ойландырды. Екіншіден, Ресей дәл осындай «Ангара» зымыранды-ғарыштық кешенін «Восточный» ғарыш айлағында салу шешімін жасады. Әрине, бұл бағытта біз көршілес елмен бәсекелесе алмаймыз. Сондықтан да жобаны жабу немесе осы мәселенің басқа жолын табу жайында ойландық», - деді М. Молдабеков.
Оның сөзіне қарағанда, «Бәйтерек» жобасы бойынша жұмыстар сонымен қатар ресейлік тарап «Ангара» зымыран-тасығышын уақытылы істемегеннен кейін де тоқтап қалды.
«Жоспар бойынша ол 2008 жылы ұшырылуы тиіс еді, алайда бұл зымыран осы күнге дейін ұшқан жоқ. Әзірге енді 2014 жылға жоспарланып отыр», - деп нақтылап өтті ол.