Ресейлік ортопед Шымкенттік дәрігерлермен бірге күрделі 10 ота жасады
Мейрам қарсаңында ресейлік дәрігер Шымкентке арнайы келіп, әріптестерімен тәжірибе бөліскен. Сөйтіп айналдырған 4 күн ішінде жағдайы ауырлаған науқастарға бірлесіп ота жасады. Білікті ортопед қазақстандық мамандардың да кәсіби біліктілігіне жоғары баға берді.
«Мұнда келгелі қазақстандық дәрігерлердің кез келген жаңашылдыққа тез бейімделетінін аңғардым. Бұл ота жасау ісінде үлкен маңызға ие. Соның нәтижесінде қазір біздің емделушілер отадан соң, өзін жақсы сезінеді. Енді бір айдың көлемінде толығымен жазылып кететініне сенімдімін. Жалпы, қазақстандық дәрігерлердің мұндай оталарды жасауға өз біліктіліктері де жеткілікті»,- дейді жоғары дәрежелі травматолог-ортопед Рафаэль Пописьянц .
Бүгінде Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасында тізе буынын тотальды эндопротездеу оталарын жасау бірнеше жылдан бері қолға алынған. Дәрігерлер оталардың басым көпшілігі сәтті өтетінін айтады.
«Жаңа ота науқастарға жеңілдеу жасалады. 15-20 жыл бойы тізесі ауырған науқастар енді еш уайымсыз жайлы жүре алады. Осының бәріне жәрдем беріп жатқан осы импланттар. Негізінен, америкалық «Stryker» компаниясының импланттарын салып жатырмыз. Сапасы көңілімізден шығады, оталардың барлығы квота негізінде тегін жасалуда»,-дейді Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасының бөлім меңгерушісі Марат Үсенов.
Өткен жылы емдеу мекемесінде 60 мыңнан астам ота жасалған. Оқыстан ауыр жарақат алып, сүйегін сындырған жандар немесе кәрілікке байланысты аяғын жаза алмай қалғандардың ауруханада тегін операция жасатуына жағдай жасалған.