Ресейлік парламентарийлер Астанадағы «Дін лаңкестікке қарсы» атты халықаралық конференцияға қатысады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейлік парламентарийлер Астанада 31мамырда өтетін «Дін лаңкестікке қарсы» атты халықаралық конференцияға қатысады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатында РФ Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенко мәлім етті.

Ресейлік парламентарийлер Астанадағы «Дін лаңкестікке қарсы» атты халықаралық конференцияға қатысады

«Біз халықаралық конференцияға өзіміздің өкілдерді жіберуді жоспарлап отырмыз. Конференцияға дайындық бойынша ұйымдастырушы комитеттің жұмысын ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев басқаратыны белгілі. Осы конференцияға қатысуға ерекше маңыздылықпен қарап отырмыз»,-деді В.Матвиенко.

Осы ретте ол лаңкестік қазіргі замандағы ең қауіпті сын-қатердің бірі екенін атап өтті. Оның пайымынша, лаңкестікпен күресте барлық мемлекеттердің, парламенттердің, конфессиялардың, азаматтық қоғам институттарының күш-жігерін біріктіру аса маңызды.

«Осы қатерді тиісті деңгейде бағаламасақ, адамзаттың дамуы мен өркениетке деген қауіп сейілмейді. Атап айтқанда, Қазақстанда бұндай халықаралық диалогтар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Осы шарада парламент мүшелерінің, әлемдік діндер өкілдерінің басын қосу өте дұрыс шешім деп бағалаймын. Астанадағы бұл конференцияны өткізуге өзіміздің үлесімізді қосуға тырысамыз»,-деді В.Матвиенко.