Ресейлік продюсерлерді қазақтардың соғыс тактикасы қызықтырды - «Қасым» фильмінің атқарушы продюсері Ә.Баймұхамедова
АСТАНА. 30 сәуір. ҚазАқпарат - «Қасым» фильмін түсіруге қатысқан ресейлік продюсерлерді қазақтардың соғыс тактикасы қызықтырды.
Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында фильмнің атқарушы продюсері Әлия Баймұхамедова осылай айтты.
«Негізі, Қасым Қайсеновтың тұлғасы әлі күнге дейін құпия ғой. Оның соғыс мәнері мен тактикасын көбісі білмейді. Ресейлік продюсерлер Украинада болып, жергілікті халықтың естеліктерін де жазып алған көрінеді. Ол жақта Қасым ағаны әлі күнге дейін «партизан Вася» деп біледі. "Біз неміс пен славян халықтарының соғыс тактикасын жақсы білеміз. Ол туралы талай фильмдер де түсірілген. Ал азиялықтардың соғыс кезіндегі психологиясы жайында көп біле бермейміз", дейді көрші елдің продюсерлері. Ендеше, «Қасым» фильмі сонысымен де қызық. Себебі Қасым Қайсенов өз тактикасымен жау бетін қайтара білген», - деген пікір білдірді Ә.Баймұхамедова.
Айта кетейік, «Қасым» атты төрт сериялы туынды «Қазақстан» ұлттық арнасы, «Еуразия» бірінші арнасы, «INTRA Communication» (Ресей) және «FILM UA» (Украина) компанияларының қатысуымен түсірілді. Фильмде Қасымның рөлін Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрының актері Қуандық Қыстықбаев сомдаған. Сценарий авторы - Андрей Курейчик. Режиссері - Леонид Белозорович.