Ресейлік «Протон-М» зымырантасымалдағышының ұшу сапары, қазақстандық тараппен келісілмеуінің салдарынан, кейінгі ысырылды

БАЙҚОҢЫР.  Қарашаның  24-і.  ҚазАқпарат /Сара Қабиқызы/ - Кеше, қарашаның  23-інде Астана  уақыты  бойынша     сағат 20.19-да ұшуы керек  болған «Дабл Ю 7» еуропалық  ғарыш аппараты  орнатылған  «Протон-М»  зымырантасымалдағышының сапары  кейінге  ысырылды.

Ресейлік «Протон-М»  зымырантасымалдағышының  ұшу сапары,   қазақстандық тараппен келісілмеуінің салдарынан,  кейінгі  ысырылды

Ұшуға бірнеше  сағат   қалғанда,   «Ресейғарыш» агенттігінің баспасөз  қызметіне,   зымырантасымалдағыштың   сапары,   ресейлік  тарапқа   қатысы   жоқ себептермен, кейінге   ысырылғанын      хабарлады. «Барлық     құжаттар «ҚазҒарыш»  агенттігі мен  Қазақстан  Республикасының  Үкіметіне  алдын-ала  жөнелтілген  және     тиісті  әзірлік  жұмыстары   толық  көлемде  жүргізілген   болатын»,  делінген   «Ресейғарыш» агенттігінің    сайтында жарияланған  ақпаратта.  «Бұл,   ресейлік  тарапқа   тәуелді емес себептермен,     ұшу  сапары  кейінге ысырылып отырған   бірінші  жағдай емес», -  деп    атап  көрсетілген  агенттіктің  хабарламасында.

Қазғарыш  агенттігінің баспасөз  қызметі қалыптасқан    жағдайға   байланысты     өз түсініктемесін беріп    отыр.  ««Дабл Ю 7» ғарыш аппаратын  ұшыру сапары       Қазақстан   Республикасы Үкіметінің 2008   жылы желтоқсанның 26-сындағы    қаулысымен бекітілген  «Байқоңыр» ғарыш айлағынан  ғарыш аппараттарын  және    зымырандарын ұшырудың    тараптардың келісілген 2009 жылғы жоспарында    қарастырылмаған», делінген   Қазғарыштың    мәлімдемесінде.

Ағымдағы   жылдың    ортасында,  ресей тарабының  өтініші  бойынша, басқа ғарыш аппараттарын  қоспағанда, «Протон-М»  зымырантасымалдағыштарымен   «АзиатСат-5», «ИнтелСат-16» және  «АМС-4Р» ғарыш аппараттарының   қосымша  ұшу    сапарлары  қарастырылған      Ғарыш аппараттарын   ұшыру  жоспарлары бойынша түйіндемеге   өзгертулер   енгізілген болатын. Бұл өзгертулер    Қазақстан  Республикасы Үкіметінің  2009   жылы тамыздың  6-сындағы   №1195 қаулысымен  бекітілді. «Протон-М»   зымырантасымалдағышымен  «Дабл Ю 7»  ғарыш аппаратын   ұшыруды  келісу  туралы  ресейлік  тараптың  кезекті   өтініші    2009  жылы  қыркүйектің 26-сында алынды.

Қазақстан  Республикасының барлық  мүдделі  мемлекеттік  органдарымен келісілгеннен кейін,  Ғарыш аппараттарын   ұшыру  жоспарлары бойынша түйіндемеге    аталмыш  өзгертуді   енгізу  туралы  Үкімет  қаулысының жобасы   Қазақстан  Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне  енгізілді.   Үкіметтің шешім қабылдау  үдерісі   ұзақ    уақытты  қажет ететіндігін  және    ол үдерістің әлі  аяқталмағанын  ескере  отырып,  тиісті   мәлімет    «Ресейғарыш» агенттігінің  құзырына жеткізілген  болатын.

Оған   қоса,  ағымдағы  жылы  қарашаның 2-сінде «Ресейғарыштан» «Протон-М»  зымырантасымалдағышымен «Дирек ТВ-12»  ғарыш аппаратын   ұшыру  сапарын келісу  туралы  кезекті    өтініш түсті.  Қазіргі уақытта    ол  сапардың  мүмкіндігі  де    мүдделі мемлекеттік  органдармен  келісілуде.

Осылайша,   ресейлік  тараптың «Байқоңыр» ғарыш  айлағынан  ғарыш аппараттары мен    зымырандарын     ұшыру  жоспары  бойынша   келісім  беру және  алу   туралы   1999 жылғы қарашаның 18-індегі    үкіметаралық  келісімнің   баптарын  сақтамауы,   Қазақстан   Республикасының  Үкіметімен  келісілген жылдық     ұшу  жоспарына  үнемі  өзгертулердің енгізілуі,    «Байқоңырдан»     зымырандарды   өз уақытында    ұшырылуын қамтамасыз  етуде  проблема  туғызып  отыр»,   делінген  «Қазғарыштың»  хабарламасында.

«Байқоңыр» ғарыш  айлағының №200    ұшыру алаңында тұрған  «Протон-М»  зымырантасымалдағышы       сәйкес шешімді күтіп тұр.  Оны ұшырудың  резервтік уақыты  - бүгін,  қарашаның 24-і, Астана уақыты  бойынша сағат 20.19.