Ресейлік танымал әнші Диана Гурцкая көз жанарынан айырылған қазақстандық балаларға дәріс береді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейлік танымал әнші Диана Гурцкая көз жанарынан айырылған қазақстандық балаларға дәріс береді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифигте МузТВ телеарнасының бас директоры Арман Дәулетияров мәлім етті.

Ресейлік танымал әнші Диана Гурцкая көз жанарынан айырылған қазақстандық балаларға дәріс береді

«Біз өнер жұлдыздарымыздың қайырымдылық акцияларына қатысуына уағдаластық. Мәселен, бір акция барысында Диана Гурцкая көзі көрмейтін балалармен кездесіп, оларға шеберлік сабағын өткізеді», - деді ол.

Сонымен қатар оның атап өтуінше, «Астана-Арена» стадионы алдында өтетін қайырымдылық гала-концертіне Қазақстанның түпкір-түпкірінен мүгедек балалар, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері және аз қамтылған отбасылардың балалары жеткізілетін болады.

«Біз «Муз ТВ» сыйлығына арналған 2 мыңнан астам билетті дәл осы мақсаттарда тегін бөлеміз. Бұл біздің «Муз ТВ» сыйлығы шоуын өткізудегі негізгі мақсаттарымыздың бірі. Сондықтан да біздің көптеген әртістер қайырымдылық шараларына қатысады»,- деді А.Дәулетияров.

Айта кетерлігі, МузТВ сыйлығын табыс ету шоуы 5 маусым күні елордадағы «Астана-Арена» стадионында өтеді. Одан бір күн бұрын 25 қазақстандық, 25 ресейлік өнер жұлдызының қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылады.