Ресейлік жазушының Құрманғазы туралы кітабы жарық көрді

АЛМАТЫ. Қазанның 14-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Ресейлік жазушы Геннадий Васильевтің қазақтың ұлы күйшілерінің бірі Құрманғазы Сағырбаевтың өміріне арналған "Сары-Арқа" атты кітабы жарық көрді. Бұл туралы ҚазАқпаратқа Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы жанындағы сараптама орталығының директоры Күлғазира Балтабаева хабарлады.

Ресейлік жазушының Құрманғазы туралы кітабы жарық көрді

Орыс тілінде жарық көрген кітапта қазақтың ұлы күйшісінің өмірі, басынан кешкен алуан оқиғалары сипатталған. Аталған жазушы - Астраханның тумасы. Велимир Хлебников атындағы сыйлықтың лауреаты, Ресей жазушылар одағының мүшесі, «На грани миров», «Обрученные временем», «Там, где Волга с судьбой роднится» кітаптарының авторы.

Кітаптың шығуы Астрахандағы Володар ауданы, Алтынжар ауылында Құрманғазы мұражайын ашып, Құрманғазы мұрасына жанашыр болып жүрген "Жолдастық" атты қазақ қауымдастығының 20 жылдығымен тұспа-тұс келген. Орыс тілінде жарық көрген кітап қауымдастықтың құрметті төрағасы, Қазақ мәдениетін дамыту қорының төрағасы, кәсіпкер Никита Искаковтың демеушілігімен шығарылған.