Ресейліктер адмирал Колчакқа ескерткіш тұрғызуға қарсы
АСТАНА. 6 қазан. ҚазАқпарат - Ресейліктер адмирал Колчакқа ескерткіш қою мәселесі бойынша дауласуда. Бұл жөнінде Жас Алаш жазады.
Омбы облысының (Ресей) 72 жастағы губернаторы Леонид Полежаев қызметiнен кеткеннен кейiн оның орнына 50 жастағы Виктор Назаров келген-дi. В.Назаров келгелi Омбы қаласында ескерткiштер көбейе бастады. Жақында В.Назаров Омбының орталығынан адмирал А.В.Колчактың ескерткiшiне арнайы орын дайындатқызды.
"1918-22 жылдар аралығында Колчак дәл осы Омбының өзiнде ұзын саны 10 мың адамды атқызды. Сұраусыз. Тергеусiз. Тексерусiз. Оның 2 мыңға жуығы Омбының жұмысшылары болатын. 3 мыңнан астамы Омбының iргесiнде тұратын шаруалар едi. Оларды бала демей, шаға демей, әйел демей, ауыл-аймағымен қоса өртеп жiбердi... Осындай қанiшерге қалай ескерткiш қоямыз?.." дейдi Николай Березовский бастаған омбылықтар.
Не керек, қазiр Омбыда Колчак үшiн "қызу шайқас" жүрiп жатыр. Кiм жеңетiнi әзiрге белгiсiз.