Ресейліктер бізден азық-түлік сатып алады - СҚО әкімі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысына жыл сайын 80 мың турист келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс басшысы Құмар Ақсақаловтың сөзіне қарағанда, аталған көрсеткіш жыл өткен сайын артып келеді. «Ресейлік туристер көлдердің жағасында дем алғанды жақсы көреді. Сосын далада шатыр құрып, бірнеше күн демалып кететіндер де аз емес. Біздің мақсатымыз - ол адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әрине, демалатын жерге баратын жолдардың сапасы да жақсы болуы шарт. Таза дәретхана, ұсақ-түйек заттарды сататын дүкендер де болған жөн. Қазіргі кезде біз көлдердің жағасында бірнеше автокараванинг (дөңгелекті үймен саяхаттау -авт.) орталықтарын ашу мәселесін пысықтап жатырмыз. Ресейліктер Петропавлға да жиі келеді. Сол жерде азық-түлік тауарларын сатып алып кетеді. Себебі бізде арзан. Аквапаркке барады, ботаникалық саяжайда қыдырады, сауда орталықтарын аралайды», - деді Қ.Ақсақалов Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Әкімнің айтуынша, биыл күзде Петропавлда өтетін Қазақстан мен Ресейдің шекара маңы форумында туризм мәселесі талқыға салынады. Аталған форумға екі елдің басшылары қатысады. «Туризмді дамыту - өте маңызды мәселе. Әрине, екі жақты туризмді дамыту үшін жолдарды қалпына келтіру керек. Мәселен, Ресейде Қорған, Түмен мен Омбыға баратын жолдардың сапасы I-II категорияға дейін жақсарады. Соның арқасында бізге туристер көптеп келеді. Мысалы, Айыртау ауданына туристер көп барады. Ресей азаматтары Шалқар мен Имантау көлдері жағасында дем алғанды жақсы көреді», - деп атап көрсетті Қ.Ақсақалов.
Айта кетейік, бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қ.Ақсақалов рухани жаңғыру шаралары бойынша есеп берді. Әкім оңтүстіктен көшіп келетін жастарға үй салып беруге дайын екенін жеткізді.