Ресейліктерден құтылып, біздің шекарашыларға тұтылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қостанай шекара отрядының жедел кезекшісіне Ресей Фелерациясының Федералдық қауіпсіздік қызметі Шекара қызметінің Қорған және Тюмен аумағы бойынша шекаралық басқармасының жедел кезекшісінен телефон арқылы ақпарат келіп түсті.
Ақпаратта Ресей аумағында орналасқан Целинное елді мекенінен Қазақстан жақтағы Загарнинка елді мекеніне қарай кеткен адам ізінің табылғаны туралы айтылды. Із екі сағаттай бұрын түскен, яғни «суып үлгерген».
Бұл аумақ Қостанай шекара отрядының Кеңарал шекара заставасының жауапкершілігінде. Қазақстандық шекарашылардың жедел қимылдарының нәтижесінде арада көп уақыт өтпей, Меңдіқара ауданының Загаринка елді мекенінің маңынан шекара бұзушы, 43 жастағы Геннадий есімді Қазақстан азаматы ұсталды. Ол өзінің осындай қадамға барғандығын Мемлекеттік шекарадан өтуге рұқсат беретін құжаттарының жоғалғандығымен түсіндірді. Алайда, бұл қылмыстық жауапкершіліктен құтқаратын себеп емес, деп хабарлайды ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.