Ресейліктердің елге ағылуы инфляцияға кері әсер етеді– ҰБ

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ақылы қызметтер инфляциясы 12,3 пайызға жетті. Бұл туралы Сенатта«2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстыру кезінде ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ресейліктердің елге ағылуы инфляцияға кері әсер етеді– ҰБ
«Биылғы қыркүйек айының қорытындысы бойынша инфляция Қазақстанда 17,7 пайызға жетті. Ішкі және әлемдік нарықтардағы теңгерімсіздік аясында жылдық мәнде 22,2 пайызға жеткен азық-түлік өнімдері бағасының өсуі бұған айтарлықтай үлес қосып отыр. Импорт арқылы келетін тауарлардың қымбаттауына және оларға сұраныстың артуына орай азық-түлікке жатпайтын инфляция 17 пайызға дейін қарқын алды», - деді А. Баймағамбетов.

Оның айтуынша, тұрғын үйді жалға алу, мәдениет және ойын-сауық саласындағы қызметтер, сондай-ақ реттелетін қызметтер (су тарту, салқын су мен электр қуаты тарифтері) бағасының өсуі аясында ақылы қызметтер инфляциясы 12,3 пайызға жетті.

«Ресейдегі ішінара мобилизация аясында ресейліктердің елімізге ағылуы жағдайына қатысты қыркүйек айындағы жоғары нақты деректерді ескерсек, 2022 жылдың соңына қарай инфляция біздің 16-18 пайыз дегейіндегі соңғы болжамымыздан асып түседі», - деді ҰБ өкілі.

Айта кетейік, 2022 жылдың соңына қарай инфляция 16-18% аралығында болатыны жарияланған еді.

Жақында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстанға келіп жатқан ресейліктердің саны азайғанын айтты.

Осыған дейін ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов қыркүйек айындағы сыртқы шоктарды ескере отырып, 2022 жылдың соңына қарай инфляция ҰБ-ның тамыз айындағы болжамынан асып түсетінін айтты.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысы Әлихан Смайлов 2023 жылы елімізде инфляция төмендейтінін айтты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты департаменті нақты сектор мониторингі басқармасының бастығы Игорь Осипов биылғы инфляцияның себеп-салдарын түсіндірді.

2022 жылдың қыркүйек айында елде жылдық инфляция 17,7% (тамызда – 16,1%) болды.