Ресейліктерге саусақ таңбасы бар шетелдік төлқұжаттар 1 шілдеден беріле бастайды

АСТАНА. 5 қаңтар. ҚазАқпарат - Ресейліктерге саусақ таңбасы бар шетелдік төлқұжаттар 2013 жылғы 1 шілдеден беріле бастайды. Бұл туралы реселік «Жаңалықтар» агенттігі хабарлады.

Ресейліктерге саусақ таңбасы бар шетелдік төлқұжаттар 1 шілдеден беріле бастайды

Жаңа үлгідегі шетелдік төлқұжаттар беру туралы Жарлыққа РФ Президенті Владимир Путин қол қойды. Құжатқа сәйкес РФ үкіметі үш ай мерзім ішінде заңнамаларға өзгерістер жобасын жасап, Мемлекеттік думаға енгізуі тиіс.

Жаңа шетелдік төлқұжатты алғашқы болып Мәскеу, Мәскеу облысының, Санкт-Петербор және Ленинград облысының тұрғындары алады. Жаңа құжаттар қай мерзімге берілетіні әзірге нақтыланбаған.

Ескі шетелдік төлқұжаттарды ауыстырудың қажеті жоқ - олар мерзімі біткенше күшінде болады.

Ресейде саусақ таңбасы бар шетелдік төлқұжаттарды енгізу мәселесі 2005 жылдан бері талқыланып келеді. 2011 жылы құжаттың тәжірибелік үлгісін жасау басталғаны жарияланған болатын.

Соңғы бірнеше жылда Ресейде электронды чипі бар шетелдік төлқұжат енгізілді, оны «биометриялық» деп те атайды. Онда қағаздағы мәліметтердің бәрі электрондық түрде сақталады. Төлқұжатты чиппен немесе чипсіз алу әр адамның өз еркінде. Электронды құжат жалған құжат жасаудан жақсы қорғалған, ал ондағы ақпарат кеденде тезірек өңделеді.