Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ресейлік қазақ боксшысы АҚШ-та бесінші рет жеңіске жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Ресейлік боксшы, Түмен қаласынан шыққан қазақ Альбина Молдажанова АҚШ-та кәсіпқой рингтегі бесінші жекпе-жегін мерзімінен бұрын жеңіспен аяқтады, деп хабарлайды Sports.kz.

Ресейлік қазақ боксшысы АҚШ-та бесінші рет жеңіске жетті
Фото: Sports.kz

21 тамызда Калифорния штатының Темекьюла қаласындағы Pechanga Resort Casino аренасында Альбина Молдажанова ешқашан жеңіліп көрмеген уругвайлық Шейла Фабиана Лизегангпен кездесті.

Боксшы бірінші раундтың 81-секундында қарсыласын нокдаунға түсірді. Лизеганг ауырсынудан еденге құлап, белгіленген уақытта орнынан тұра алмады. Осылайша Молдажанова қарсыласына кәсіби мансабындағы алғашқы жеңілісін тарту етіп, өзінің мерзімінен бұрын жеңістер сериясын бес жекпе-жекке жеткізді.

Осыдан кейін бокстан Қазақстан құрамасының бапкер Ислам Абдраимов Альбина Молдажанованы жеңісімен құттықтады.

Ол Instagram желісіндегі сторисінде ресейлік боксшының жеңіспен аяқталған жекпе-жегінен үзінді жариялады. 

Молдажанова кәсіпқой бокстағы дебютін 2025 жылдың сәуірінде Челябинскіде өткен «IBA.PRO 2» турнирінде жасады. Ал биыл ақпан айында АҚШ-қа көшіп, америкалық MVP (Most Valuable Promotions) промоутерлік компаниясымен ұзақ мерзімді келісімшартқа отырды. АҚШ-тағы алғашқы жекпе-жегін 24 маусымда Калифорнияның Индио қаласында өткізіп, мексикалық Клаудия Эррера Лопесті екінші раундта нокаутпен жеңді.

Әуесқой бокста Альбина Ресей әйелдер құрамасының сапында 63 және 66 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде өнер көрсетеді. Ол — 2024 жылғы Ресей чемпионы, 2024 жылғы ересектер арасындағы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері және 2023 жылғы 22 жасқа дейінгі жастар арасындағы Еуропа чемпионы. Сондай-ақ 2025 жылғы әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алған.

Айта кетейік, бұған дейін бокстан Азия ойындарына қатысатын Қазақстан әйелдер құрамасының тізімі жарияланған болатын.