Ресейлік саясаттанушы Тоқаевтың дипломатиялық шеберлігіне назар аударды

АСТАНА. KAZINFORM — Ресейлік саясаттанушы әрі саяси технолог, «Саяси сарапшылар тобының» жетекшісі Константин Калачев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Владимир Путинмен кездесуі кезінде айтқан «Геосаясат билеп кетті» деген сөзіне қатысты пікір білдірді.

 Константин Калачев
Фото: moscow.er.ru

— Сөз аз болғанымен, мағынасы терең болса, нағыз шеберлік дегеніміз — осы. Жақында Владимир Путинмен өткен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев осы ежелгі даналықты айқын көрсетті, — деді саясаттанушы.

Оның пікірінше, Қазақстан Президенті үлкен саясатқа тән ұзақ әрі күрделі тұжырымдардың орнына әлемде болып жатқан үдерістерді бар болғаны үш сөзбен дәл сипаттаған.

— Бұл метафораның Ресей мемлекеттілігінің жүрегі саналатын Кремльде айтылып, аудитория мен сарапшылар тарапынан бірден назарға алынуы да ерекше мәнге ие, — деп атап өтті Калачев.

Сарапшының айтуынша, Тоқаев бір ғана сөйлем арқылы басқа саясаткерлер сағаттап талқылайтын мәселелерді жеткізе алған.

— Басқа саясаткерлер жаңа бөліну сызықтары, бұрын-соңды болмаған шиеленіс, жаһандық текетірес және сенім тапшылығы туралы сағаттап пікір айтып жатқанда, Қазақстан Президенті бір ғана дәл тұжырыммен қазіргі әлемнің толық көрінісін бейнеледі, — деп есептейді сарапшы.

Сөз соңында Калачев ойының дәлеліне классиктердің нақыл сөздерін келтірді.

— Антикалық дәуір философы Сенека: «Ақиқаттың тілі қарапайым» деген. Жоғары деңгейдегі нағыз дипломатия дәл осылай көрініс табады. Артық сөздің қажеті жоқ жерде нақты әрі әсерлі бейне жасау өнері алға шығады. Антон Павлович Чехов айтқандай, «Қысқалық — таланттың қарындасы». Үлкен саясатта да бұл қағида әрдайым өзекті, — деп түйіндеді Калачев.

Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев 25–26 қараша күндері Мәскеуге барған болатын. Владимир Путинмен кездесуде тараптар сауда-экономикалық байланыстарды, бірлескен жобаларды және жасанды интеллектіні дамыту мәселелерін талқылады.