Ресейліктер енді құмар ойындардан өздерін шектей алады

АСТАНА. KAZINFORM — Ресейліктер құмар ойындарға өзіне 1 қыркүйектен бастап тыйым сала алады. Бұл шектеу казиноларға, ойын автоматтары залдарына, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларға қатысты болады.

а
Фото: pexels

Өзіне шектеу қоюдың екі жолы бар: жеке куәлік немесе төлқұжатпен кез келген ХҚКО-ға (МФЦ) жүгіну немесе электрондық қолтаңбаны пайдаланып «Мемлекеттік қызметтер» («Госуслуги») порталы арқылы онлайн өтініш беру.

Азамат өзін шектеу мерзімін өзі белгілейді, алайда ол 12 айдан кем болмауы керек. Белгіленген мерзім аяқталғанға дейін тыйымды алып тастауға болмайды.

Өтініш берілгеннен кейін азамат туралы мәліметтер арнайы тізімге 12 сағаттан кешіктірілмей енгізіледі. Тізімге енгізілгені туралы ақпарат «Госуслуги» порталындағы жеке кабинетте көрсетіледі.

Бұл тізім интернетте ашық жарияланбайды. Оған құмар ойындарды ұйымдастырушылар, бәс аударымдарын есепке алудың бірыңғай орталығы және бақылаушы органдар ғана қол жеткізе алады.

Тізімге енгізілгеннен кейін азаматқа, оның ішінде интернет арқылы да, бәс тігуге, казинолар мен ойын автоматтары залдарынан фишкалар алуға, сондай-ақ құмар ойындарды ұйымдастырушылармен ұтыс туралы келісімдер жасасуға тыйым салынады. Сонымен қатар оған құмар ойындардың жарнамасын жіберуге де жол берілмейді.

Азамат өзін тізімнен тек оған енгізілгеннен кейін 12 ай өткен соң ғана шығара алады. Ол үшін МФЦ немесе «Госуслуги» арқылы өтініш беру қажет. Егер өзіне тыйым салу белгілі бір мерзімге белгіленсе, шектеу сол мерзім аяқталғаннан кейін автоматты түрде алынады.

Жаңа жүйе құмар ойындардың барлық заңды түріне енгізіледі. Негізгі мақсат – лудоманияның алдын алу.

Еске салайық, бұған дейін құмар ойындарға тәуелділік қалай емделетінін жазғанбыз.