Ресеймен серіктестік су ресурстарын тиімді пайдалануға қатысты теңгерімді тәсілдің кепілі болады – Президент

Ресеймен стратегиялық серіктестік қарым-қатынасымыз су ресурстарын тиімді пайдалануға қатысты теңгерімді тәсілдің кепілі болады. Бұл туралы Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

президент
Фото: Ақорда

«Экономикамыздың негізгі салаларында, әсіресе, ауыл шаруашылығында судың көп мөлшерде пайдаланылуы жағдайды одан сайын күрделендіре түсті. Сарапшылардың болжамынша, 2050 жылға қарай Орталық Азиядағы құрғақшылық пен су тасқыны өнімділікті 30 пайызға дейін төмендетуі мүмкін. Біздің аграрлық сектор 60 пайыздан астам су тұтынады және су үнемдейтін технологияларды жаппай енгізуді талап етеді. Бұл барынша өзекті міндет. Осынау сын-тегеуіріндерге жауап бертінде су секторын жаңғыртуға кірістік. Жаңадан 20 су қоймасын салып, кем дегенде 15 су қоймасын реконструкциялау, сондай-ақ 3500 шақырымнан астам каналды жаңғырту және цифрландыру жоспарланып отыр. Бұл шаралар 2027 жылға қарай қосымша 2 текше километрге жуық сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанда жаңа Су кодексі әзірленіп жатқанын айтты.

«Бұл құжат су ресурстарының тапшылығын азайтуға бағытталған. Ресеймен бірге Жайық, Ертіс секілді ірі өзендердің бассейіндерінде зерттеу жүргізу жөніндегі ынтымақтастықты жандандыру үшін Бірыңғай жол картасы жүзеге асырылып жатыр. Мұндай күрделі проблеманы шешуге бір ғана елдің күш-жігері жетпейді. Бұл мәселені мүдделер теңгерімін сақтап, бірлесе әрекет ету арқылы шешу қажет. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, біздің Ресеймен стратегиялық серіктестік қарым-қатынасымыз екі ел халықтарының мүддесі жолында су ресурстарын бірлесе тиімді пайдалануға қатысты теңгерімді тәсілдің кепілі болатынына сенімдімін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.