Ресеймен шекарада өрттің алдын алу үшін 8 мың текше метр орман оталды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Экология және табиғи ресурстар мминистрлігі Ресей аумағынан Қазақстан жеріне өрттің таралуына жол берме үшін қандай алдын алу іс-шаралары жүргізілгендігін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биыл өрт қаупі маусымында дайындық аясында кешенді дайындық іс-шаралары жүргізілді. Төтенше жағдайлар министрлігімен бірге 2023 жылғы өрт қаупі маусымында Қазақстан аумағында орман және дала өрттерінің туындау қаупін төмендету және жою іс-шаралар жоспары қабылданып, мемлекеттік орман қоры аумағындағы табиғи өрттерді сөндіру үшін мемлекеттік өртке қарсы қызметтерді жұмылдыру тәртібі туралы келісімге қол қойылды. ТЖМ Дадғарысты жағдайларды басқару орталығымен өзара іс-қимыл және ақпарат алмасу ұйымдастырылды», - деп атап өтеді министрліктен агенттіктің ресми сауалына орай.
Министрлік мәліметінше, табиғатты қорғау мекемелерінің барлық құрылымдық бөлімшелерінің қатысуымен өрт қаупі маусымына дайындық және орман өрттерін сөндіру мәселелері бойынша оқу-жаттығу өткізіліп, өрт сөндіру қызметтерінің нұсқаулығы берілді.
«Қазіргі уақытта Алтай өлкесі, Павлодар мен Абай облыстарының түйіскен жерінде шекаралық орман иелерінің бәрімен жедел ақпарат беру үшін тікелей байланыс орнатылды. РФ-мен шекаралас Павлодар облысының аумағына орман өрттерінің өту мүмкіндігін төмендету мақсатында «Ертіс орманы» МОТР» РМК аумақтық күштерінің көмегімен мемлекеттік шекара бойының 103,29 гектар алаңы тазартылып, 8 478 текше метр орман оталды. Абай облысында резерватпен шекаралас бағытта да жұмыстар жүргізілді. Құрғақ әрі ыстық ауа райына және өрт қаупінің жоғары болуына байланысты ағаштарды кесу өрт қаупі төмендегеннен кейін басталады. РФ-мен шекаралас жерлерде ағаштарды кесу биыл басталады», - деп атап өтеді Экология министрлігінен.