Ресеймен шекарадағы Құрманғазы бекетінде кезек мәселесі қалай шешіледі
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Ресеймен шектесетін Құрманғазы ауданындағы өткізу пунктінде көліктерге арналған автотұрақ немесе күту аймағы жоқ. Бұл республикалық маңызы бар Атырау-Астрахан тасжолының Бөкейхан ауылының тұсындағы бөлігінде ұзын-сонар кезекке себеп болып отыр.
2024 жылы өңірдегі күре жолды жаңғырту жұмысы аяқтала салысымен көлік ағыны күрт артты. Бірнеше рет жүздеген жүк көлігіне жол бойында кезегін сағаттап күтуге тура келді.
Мұндай жағдай күні кеше 21 ақпан күні де тіркелді. Кезекте тұрғандардың басым бөлігі шет мемлекетте тіркелген. Әсіресе өзбек ағайындар көп.
Атырау облысы мемлекеттік кірістер департаменті электронды кезек бойынша ешқандай мәселе жоқ екенін, жүк көліктері өз кезегіне сәйкес өтіп жатқанын мәлімдеді.
Департаменттің 12 қызметкері жұмыс істеуде. Мамандардың айтуынша, бұл бекеттен күніне бір бағытта орта есеппен 230 жүк көлігі өтеді.
Биыл Атырау облысының Ресей мемлекетімен шекарасындағы «Құрманғазы» автомобиль өткізу пункті қайта жаңғыртылмақ. Қазір жобасы жасақталу үстінде. Жоба мен жаңғырту жұмысы қатар істеле береді.
Өткізу пункті республикалық маңызы бар «Ақтөбе — Қандыағаш — Доссор — Атырау — РФ» автомобиль жолының 892-893 шақырымында орналасқан.
Қазіргі уақытта сервистік аймақта, яғни жүк көліктеріне арналған тұрақ салу үшін жердің өсімдік қабатын қырып алынып жатыр.

Өткізу ғимаратын жаңғырту мен жүк көліктеріне арналған тұрақ салу жұмысы биыл басталады. Бұл жұмысқа тапсырыс беруші, яғни жауапты — ҚазАвтоЖолдың Атырау облыстық филиалы.
— Жоба Көлік министрлігі автомобиль жолдары комитетінің бұйрығына сәйкес «ЕАЭО ішкі шекарасындағы автомобильдік өткізу пункттерін жаңғырту» шеңберінде жүзеге асып жатыр. Мердігер мекеме — «ВД Строй-инжиниринг» ЖШС бұл жобаны 2027 жылдың соңында аяқтайды, — деді ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясы Атырау филиалының директоры Ардақ Қайреденов.

Аталған учаскенің жүріс бөлігінің ені — 28 метр, қосымша жолақтарды есепке алғанда сегіз қозғалыс жолағы қарастырылған. Өткізу пункті учаскесінің ұзындығы — 0,735 км. Сервистік аймақ аумағы — 8 гектар.
Осыған дейін өңірге жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаттары шекара қауіпсіздігі мәселесін көтерген еді.
