Ресеймен шекарадағы «Құрманғазы» бекетінде жүк көліктері кезекте тұр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Ресей Федерациясымен шекарадағы «Құрманғазы» бекетінде жүк көліктерінің кептелісі байқалған. Кейбірінің шекарадан өте алмай тұрғанына екі күн болған.

Ресеймен шекарадағы «Құрманғазы» бекетінде жүк көліктері кезекте тұр
Фото: Видеодан алынған кадр

Атырау өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметіне сүйенсек, бұған көлік ағынының артуы себеп болған. 

«Екі ел шакарасындағы «Құрманғазы» автомобиль өткізу бекетіндегі көлік кептелісі «Атырау-Астрахан» тас жолымен қатынайтын жүк көліктерінің көбеюінен туындаған. Өткен жылдың 10 айымен салыстырғанда биыл шекарадан өткен көлік саны 30 пайызға артқан. Ал, соңғы бір аптадағы көлік ағыны 6 пайызға көбейген. Мұны мамандар «Атырау-Астрахан» тас жолын жаңғырту жұмысының аяқталуымен байланысты болып отыр», -деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Ал, Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің ақпаратына қарағанда, биыл 9 қыркүйектен Қазақстан Республикасының аумағынан автомобиль өткізу бекеттері арқылы шығуды жоспарлаған жүк тасымалдаушылар «CarGoRuqsat» электрондық кезек жүйесі арқылы талон алуы қажет. Электронды кезек жүйесі «Құрманғазы» бекетінде де іске қосылған. Кезек алу үшін жүйенің 18 талабына сәйкес болуы керек. Оның ішінде салыққа, айыппұлға, ақылы жолдан өткені үшін қарыздың жоқтығын, халықаралық тасымалдауға рұқсат қағазы (КАТ), сақтандыру полисі, кедендік рәсімдеуден және техникалық байқаудан өткенін растайтын құжат бар. Кедендік бақылаудағы жұмысты жеделту үшін өткізу бекетінде жұмыс істейтін мамандардың саны 10-нан 13 бірлікке жеткен. 

Өткізу бекетінде кәсіпкерлікке қатысты барлық үдеріс интернет арқылы жүзеге асырылады. Мұнда төлемдерді онлайн жасауға болады. Алайда, бекет маңында банк бөлімшелері мен ақша айырбастайтын арнайы орын жоқ. Осыған орай шекарадағы интернет жылдамдығын арттыру мақсатында бірқатар жұмыс қолға алынған. Құжат қабылдау және электронды кезекті нақтылау орнында кептеліс жоқ. Бекетте құжаттарды қабылдау үшін 2 терезе ашылған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудан Ақтауға ұшатын әуе рейсінің кешігуіне не себеп болғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар