Атыраудан Ақтауға ұшатын әуе рейсінің кешігуіне не себеп болған
АТЫРАУ. KAZINFORM – FlyArystan компаниясының Атыраудан ұшатын рейстері кешігіп, жолаушыларды әбігерге салды.
FlyArystan компаниясының мәліметіне қарағанда, Атырау-Ақтау бағытындағы KC7277 әуе рейсі кестеге сәйкес 2 қарашада сағат 06:40-та ұшуы тиіс еді. Алайда, әуе компаниясы Ақтау қаласындағы ауа райына байланысты рейсті кейінге қалдыруға мәжбүр болған. Әуе компаниясының өкілдеріне хабарласқан жолаушылар сусынмен, ыстық тамақпен қамтылып, қонақүйде орналастырылған.
«Ақтаудан Ыстамбұлға жалғасатын рейсті өткізіп алған жолаушылар ақшасын толық қайтарып алу немесе тегін қайта брондау мүмкіндігіне ие болды. Ұшақ 2 қараша күні сағат 21:50-де ұшты. Ақтау қаласындағы ауа райы жағдайына байланысты (атап айтқанда, қою тұман және сәйкесінше көру мүмкіндігі төмен) ұшақты қондыру мүмкін болмады. Сол себептен, Атырау қаласына оралу туралы шешім қабылданды», - деп түсіндірді компания өкілдері.
Ал, екінші рейс 3 қарашада сағат 06:50-де ұшқан. Бірақ, Ақтаудағы қолайсыз ауа райына байланысты ұшақ Атырауға қайта оралған.
«Кешігу кезінде жолаушылар су және ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Өтініш бойынша қонақүйде тұру және тұрғын үй құнының өтемақысына кепілдік хаттар берілді. Рейстің жоспарланған ұшып шығу уақыты – сағат 17:30. Кез келген қолайсыздық үшін жолаушылардан кешірім сұраймыз. Ауа райының құбылуы рейстердің кешігуінің бақыланбайтын себебі екенін еске саламыз. Қауіпсіздік – FlyArystan әуе компаниясының басты басымдығы», - деп нақтылады компанияның баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, бұған дейін FlyArystan басшысының баланың әуежайда қалып қою оқиғасына қатысты кешірім сұрағанын жазған едік.