Ресеймен шекарадағы айналып өтетін теміржол құрылысын салу елімізге қымбатқа түседі - Ә. Исекешев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресеймен шекарадағы айналып өтетін теміржол құрылысын салу елімізге қымбатқа түседі. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мәлім етті.
Жалпы отырыста Қазақстан мен Ресей арасындағы темір жол учаскелері бойынша тасымалдау төлемдерін рәсімдеу тәртібіне өзгерістер енгізу мәселесі қаралған еді.
Заң жобасын талқылау барысында депутаттар Солтүстік Қазақстан облысындағы Ресеймен шекаралас өңірлерде теміржолмен жүк тасымалына қатысты қиыншылықтарды алға тартып, ол бойынша қабылданатын шаралар туралы сұраған болатын. Мәселен, қазақстандық азаматтар Ресейге енетін теміржол учаскелерінде халықаралық тариф бойынша жүк төлемін жасап келеді. Осыған байланысты депутаттар екі ел арасындағы теміржол учаскелері бойынша транзиттік алмасулар туралы мәселе көтерді.
«Бұл проблема теміржол жүйелерінің технологиялық схемаларына қатысты орын алып отыр. Ондағы бірінші учаске транзиттік жолдарды қамтымайды. Сол бойынша біз алмасулар жасап 300 шақырым темір жолды өзімізге алдық, Ресей біздегі 50 шақырым теміржолды иеленді. Енді қалғаны Ресейде Петропавл стансасы болса, біз Ресейдегі Локот стансаларын басқарып келеміз. Өйткені, бұл біз үшін аса маңызды, тұтастай Батыс Қазақстан мен Шығыс Қазақстанды байланыстырып отырмыз. Ал Петропавл теміржол учаскесі Ресей үшін маңызды, өйткені ол Транссібір жолының тармағында тұр», - деді Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев.
Министр бұл ретте Ресеймен арадағы теміржолдар алмасу техникалық жағынан мүмкін екенін, алайда экономикалық тұрғыдан тарифтер белгілеу бойынша мәселенің шешілуі қажеттігін атап өтті. «Ресей Петропавл учаскесіне қандай тариф белгілесе біз де Локот учаскесіне сондай тариф қоямыз. Қазіргі күні Оралды айналып өту пункттерін салу өте қымбат әрі 600 шақырым болып табылады. Егер біз Ресейден Петропавлды қайтаратын болсақ, олардың басқа да жолдары бар, оңай кете береді. Сондықтан да, біз Батыс және Шығыс Қазақстан бойынша қиындықтар тудырып алуымыз мүмкін. Осыған байланысты технологиялық жағынан ешқандай проблемалар болып отырған жоқ», - деді министр.