Ресеймен шекаралас аймақтарда өрт қаупін жоққа шығаруға болмайды – Үкімет басшысы
АСТАНА. KAZINFORM – Ресеймен шекаралас аймақтарда өрт қаупін жоққа шығаруға болмайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.
«Трансшекаралық өрттердің туындау қауіпіне де мән беру керек. Бүгінгі таңда Ресеймен шекаралас аймақтарда өрт ошақтары тіркелген жоқ. Дегенмен, Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекараның ұзындығын ескере отырып, өрт қаупін жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан жедел әрекет ету және шектес аумақтардан өрттің өтіп кетуіне жол бермеу үшін күштер мен құралдардың үнемі әзірлігін қамтамасыз ету керек. Сондай-ақ Ресей Федерациясының тиісті қызметтерімен уақтылы хабардар ету бойынша өзара іс-қимылды күшейту қажет», - деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысының дерегінше, орман өрттерін сөндіру жұмыстарына ерікті өртке қарсы құрылымдар белсенді түрде тартылуда. Қазір елді мекендерде 252 құрылым бар. Өткен жылы оларға заңды тұлға мәртебесі берілді. Жыл басынан бері еріктілер 245 дала өртін өз күштерімен сөндірген.
«Әкімдіктер өрт сөндіру бекеттері мен ерікті өртке қарсы құрылымдарды ұйымдастыру жұмысын жалғастыруы қажет. Оларды тиісті өрт сөндіру құралдарымен жарақтандыруды қамтамасыз ету керек», - деді Олжас Бектенов.