Респонденттердің 31 пайызы соңғы он екі айда ел экономикасы жақсарғандығын атады
АСТАНА. 12 сәуір. ҚазАқпарат - «Тұтынушылардың сезіну индексі» 2013 жылғы наурызда өткен аймен салыстырғанда 1 пайыздық тармаққа өсті және (+19)% құрады.
Бұл туралы ҚР Статисика агенттігінің мәліметтерінде хабарланды.
2013 жылғы наурызда респонденттердің 31%-ы соңғы 12 ай ішінде еліміздегі экономикалық жағдайдың жақсарғанын атап өтті, сол уақытта олардың 12%-ы жағдайдың нашарлағанын хабарлады.
«Экономикалық ахуал индексі» өткен аймен салыстырғанда 1 пайыздық тармаққа өсті және (+20)% құрады. Респонденттердің үштен бірінен азы 31% алдағы 12 айда елдегі жалпы экономикалық жағдайдың одан әрі жақсаратынын күтеді, ал 11%-ы жағдайдың нашарлауы мүмкін деп есептейді.
«Сатып алу тілегінің индексі» өткен аймен салыстырғанда өзгермеді және (+18)% құрады. 2013 жылғы наурызда респонденттердің үштен бірінен азы 31% жеке үй шаруашылығындағы қаржы жағдайының жақсарғанын, сонымен бірге респонденттердің 13%-ы өз үй шаруашылығындағы қаржы-экономикалық жағдайдың нашарлағанын атап өтті.
Респонденттердің 10%-ның пікірі бойынша, еліміздегі жұмыссыздық деңгейіне қатысты ахуал алдымыздағы 12 айдың ішінде жақсарады десе, сол кездегі сұралғандардың 12%-ы оған қарама-қарсы пікірді ұстанады. Алдымыздағы 12 айдың ішінде үй шаруашылығындағы ақшалай қорланым сомасының өсу мүмкіндігін сұралған тұтынушылардың 20%-ы атап өтсе, 21%-ы оның кемитінін айтты.