Respublica партиясы Айтуар Қошмамбетовты Мәжіліс депутаты ретінде ұсынды

Айтуар Қошмамбетов
Фото: respublica-partiyasy.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Динара Шүкіжанованың орнына Respublica партиясынан Мәжіліс депутаты кім болатыны белгілі болды.

«Respublica партиясының елордалық кеңсесінде партияның Орталық кеңесінің 5-ші отырысы өтті. Былтырғы жұмыстың қорытындылары қаралып, қазіргі кезеңге жоспарлар белгіленді. Respublica партиясы Орталық кеңесінің қаулысымен Айтуар Қошмамбетов ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты ретінде ұсынылды. Тиісті шешім ҚР Орталық сайлау комиссиясына жолданды», - делінген партияның ақпаратында.

Бұған дейін Айтуар Қошмамбетов Алматы қаласындағы партия филиалының төрағасы қызметін атқарған.

Ол 1986 жылы 29 қарашада дүниеге келген. Халықаралық құқық маманы. Прокуратура органдарында жұмыс істеді, Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасын басқарды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл қаңтар айының аяғында Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Динара Шүкіжанованың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.

Ол міндеттерін атқарудан өз еркімен босату туралы өтініш берді. Д. Шүкіжанова Respublica партиясының тең төрағасы болып қала беретінін және өңірдегі өндіріске оралатынын жариялады.

Еске салсақ, былтыр наурызда Мәжіліс депутаттарын сайлау науқанына елімізде ресми тіркелген 7 партияның барлығы қатысты. Олардың ішінде тек «Байтақ» партиясы ғана шекті 5 пайыздық межеден аса алмады. Ал Amanat партиясы сайлаушылардың – 53,90, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы – 10,90, Respublica партиясы – 8,59, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы – 8,41, Қазақстан халық партиясы – 6,8, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 5,20 пайыз дауысын жинады. 5 және одан да көп пайыз дауыс жинаған саяси партиялардың арасында Respublica партиясына Мәжілісте 6 мандат бұйырды.

Соңғы жаңалықтар