Республика аумағындағы 164 сайлау учаскесінде «Экзит-пул» зерттеуі жүргізілуде
АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Республика аумағындағы 164 сайлау учаскесінде «Экзит-пул» зерттеуі жүргізілуде.
Бұл туралы бүгін елордада Әлеуметтік-саяси зерттеулер институтының директоры, әлеуметтік ғылымдар докторы Айгүл Сәдуақасова мәлім етті.
«Бүгін таңғы сағат 8.00-ден бастап, Әлеуметтік-саяси зерттеулер институты жалпы Қазақстан бойынша сайлаушылар дауыс беру учаскелерінен шыққан кезде сауалнамаларды алуды бастады. Жобамен Қазақстан бойынша 164 сайлау учаскесі қамтылды. Оған республика бойынша 198-ге жуық адамды жұмылдырдық. «Экзит-пул» зерттеуіне барлық облыстар мен Астана және Алматы қалалары, қалалық, ауылдық сайлау учаскелері енді. Жалпы кешке дейін, біздің сауалнамаға республика бойынша 41 мың респондент қатысады. Ал түнгі сағат 12-ден кейін осы зерттеуіміздің нәтижесін жариялаймыз», - деді А.Сәдуақасова.
Оның атап өтуінше, сайлаушылар дауысын беріп шыққаннан кейін оларға «Мәжіліс сайлауында қай партияға дауысыңызды бердіңіз?», - деген сауал қойылады.
«Сағат 15.00-ге дейін іріктеу межесінің, яғни 41 адамның 50 пайызынан сауалнама алынды», - деді ол.