Республика азаматы: АҚШ-та білім алған қазақстандық продюсер отандық телевизияны қалай дамытып жүр

АСТАНА. KAZINFORM - Телевизия – көрерменге дайын бағдарламаны ғана ұсынатын сала емес, оның артында үлкен шығармашылық ізденіс, тынымсыз еңбек пен жауапкершілік жатыр. Бүгінде цифрлық платформалардың дамуы, көрермен талғамының өзгеруі және жасанды интеллектінің кеңінен қолданылуы телевизияға да жаңа талаптар қойып отыр. Осындай кезеңде отандық медианың бәсекеге қабілетті болуы үшін не қажет? «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-та білім алған, телевизия саласында он жылдан астам тәжірибесі бар Jibek Joly / Silk Way телеарнасының бас продюсері Асыл Алшурина «Республика азаматы» айдарына берген сұхбатында кәсіби жолы, шетелден алған тәжірибесі, продюсерлік жұмыстың қыр-сыры және қазақстандық контенттің халықаралық мүмкіндіктері туралы әңгімеледі.

Асыл Алшурина
Фото: Асыл Алшуринаның жеке мұрағатынан

– Асыл ханым, әр адамның мамандық таңдауына өскен ортасы, отбасы мен өмірінде кездескен адамдар әсер етеді. Сіздің шығармашылыққа бет бұруыңызға не түрткі болды? Телевизия саласына келу бала күнгі арманыңыз ба, әлде уақыт өте қалыптасқан таңдау ма?

– Шынымды айтсам, әуел баста продюсер боламын деп ойлаған жоқпын. Өз ісімді жақсы көрдім, жұмысымнан шынайы ләззат алдым. Үнемі тың идеяларды жүзеге асырып, жаңа форматтарды сынап көруге ұмтылдым. Еңбегімнің нәтижесін көру маған ерекше шабыт сыйлайтын. Уақыт өте келе жауапкершілігі мол міндеттер жүктеліп, алдымнан жаңа мүмкіндіктер ашыла бастады. Осылайша продюсерлікке біртіндеп қадам бастым.

Сондықтан да «Мен мамандықты емес, мамандық мені таңдады» деп жиі айтамын. Өйткені адам өмір жолын әуел бастан айқындап, болашақта кім болатынын алдын ала жоспарлауы шарт емес. Ең маңыздысы – жүрегің қалаған істі табу, сол жолда талмай ізденіп, үнемі дамып отыру.

Осы жылдар ішінде ақпараттық-ойын-сауық бағдарламаларынан бастап әлеуметтік жобаларға, ток-шоулар мен ауқымды телевизиялық жобаларға дейін түрлі жанрда еңбек еттім. Әр жұмыстың өзіндік ерекшелігі мен қызығы болды. Маған жаңа идея ойлап табу, оны әріптестеріммен бірге жүзеге асыру, бастапқы ойдың бірте-бірте көрерменге жол тартатын толыққанды жобаға айналуын көру қашанда ерекше әсер сыйлайтын. Телевизияға деген қызығушылығымды арттырып, осы саламен өмірімді байланыстыруыма себеп болған да осы шығармашылық ізденіс шығар.

– Бүгінде сіз Jibek Joly / Silk Way телеарнасының бас продюсерісіз. Осы қызметке дейінгі кәсіби жолыңыз қалай қалыптасты? Жылдар өте жұмысыңыздың сипаты мен жауапкершілігі қалай өзгерді? Қазір қандай міндеттер атқарасыз және жаңа жобаларды таңдағанда нені басты назарға аласыз?

– Телевизия саласында 2015 жылдан бері еңбек етіп келемін. Осы уақыт ішінде түрлі бағыттағы бағдарламалар мен жобаларға қатысып, көптеген шығармашылық ұжыммен жұмыс істедім. Жинаған тәжірибемнің арқасында телевизияның шығармашылық қырын ғана емес, тұтас өндіріс процесін, оның қалай ұйымдастырылатынын тереңірек түсіне бастадым.

Асыл Алшурина
Фото: Асыл Алшуринаның мұрағатынан

Қазір менің негізгі міндетім – Jibek Joly телеарнасының мазмұндық бағытын айқындауға атсалысу, жаңа идеялар мен жобаларды бағалау және эфирге ұсынылатын бағдарламалардың сапасын арттыру. Бұл жұмыста жобаның көркемдік деңгейімен қатар, көрерменнің сұранысын, оны жүзеге асыру мүмкіндіктерін және болашағын да ескеру қажет.

Меніңше, продюсер шығармашылық ізденіс пен ұйымдастырушылық қабілетті қатар алып жүруі керек. Өйткені жақсы идея ойлап табу жеткіліксіз. Оны жүзеге асырудың жолын тауып, мықты команда жасақтап, жұмысты дұрыс ұйымдастыра білу де маңызды. Продюсер жобаның жалпы бағытын назарда ұстай отырып, әрбір бөлшегіне мән беруі тиіс.

Ал жаңа жобаны таңдағанда мен үшін ең басты өлшем – оның көрерменге берер құндылығы. Бағдарламаның тақырыбы өзекті, мазмұны тартымды, ал орындалу деңгейі кәсіби талаптарға сай болуы керек. Сонда ғана ол көрерменнің қызығушылығын тудырып, көңілінен шыға алады.

– Сіз АҚШ-тағы New York Film Academy оқу орнында білім алдыңыз. АҚШ-тағы кино және телевизия индустриясының жұмыс істеу тәсілі Қазақстандағы тәжірибеден ерекшеленетіні белгілі. Оқу барысында кәсіби көзқарасыңызды өзгерткен қандай тәжірибе болды? Сол жақтан үйренген қандай қағидаларды бүгінгі жұмысыңызда қолданып жүрсіз?

– Иә, мен «Болашақ» бағдарламасының түлегімін. Лос-Анджелестегі New York Film Academy-де білім алу кәсіби өмірімдегі маңызды белестердің бірі болды. Ол кезде телевизия саласында біраз тәжірибе жинап үлгерген едім. Соған қарамастан, оқу барысында өзіме бұрыннан таныс жұмысты мүлде басқа қырынан таныдым.

Асыл Алшурина
Фото: Асыл Алшуринаның жеке мұрағатынан

Ең алдымен, кино және телевизия өндірісіндегі жүйелілікке назар аудардым. Идеяны әзірлеуден бастап жобаны таныстыру, жоспарлау, бюджет құру, түсірілімді ұйымдастыру және дайын өнімді ұсынуға дейінгі әр кезеңнің қаншалықты мұқият ойластырылатынын көрдім.
Бұл тәжірибе бұрын жинаған білімімді бір жүйеге түсіріп, продюсердің жұмысына жаңаша қарауыма мүмкіндік берді. Әсіресе жобаны әзірлеудің бастапқы кезеңі қаншалықты маңызды екенін терең түсіндім. Идея әуел бастан жан-жақты пысықталса, оны сапалы жүзеге асыру да әлдеқайда жеңіл болады.

Дегенмен шетелде оқудағы мақсатым өзге елдің тәжірибесін сол күйінде көшіру болған жоқ. Қазақстанның өз көрермені, өз мәдениеті, медиа нарығының өзіндік ерекшеліктері бар. Сондықтан халықаралық тәжірибенің озық тұстарын үйреніп, оны өз жағдайымызға бейімдей білу маңызды деп есептеймін.

Шетелдегі оқу маған тағы бір маңызды нәрсені ұғындырды: маман қанша тәжірибелі болса да, үйренуден қол үзбеуі керек. Медиа саласы үздіксіз өзгеріп, жаңа технологиялар мен жұмыс тәсілдері пайда болып жатыр. Кеше тиімді болған әдіс ертең өзектілігін жоғалтуы мүмкін. Сондықтан қол жеткізген жетістіктермен шектелмей, үнемі ізденісте болу қажет.

Асыл Алшурина
Фото: Асыл Алшуринаның жеке мұрағатынан

– Көрермен телевизиялық жобаның дайын нәтижесін ғана көреді. Ал оның артында үлкен шығармашылық әрі ұйымдастырушылық жұмыс жатыр. Ауқымды жобаларды жүзеге асыруда қандай қиындықтар жиі кездеседі? Осы тәжірибеден қандай сабақ алдыңыз?

– Телевизия саласының өзіндік қиындығы бар. Жақсы идеяның болуы оның міндетті түрде сәтті жүзеге асатынына кепіл емес. Кез келген жобаны қолға алғанда уақыт пен қаржыны, техникалық мүмкіндіктерді, шығармашылық топтың әлеуетін және ұйымдастыру жұмысының сан алуан қырын ескеру қажет. Ойға алған дүниені жүзеге асыру үшін үлкен дайындық пен үйлесімді жұмыс керек.

Әсіресе бірнеше шығармашылық топ пен серіктес бірлесе жұмыс істейтін ауқымды жобаларды жүзеге асыру оңай емес. Мұндайда әріптестеріңнің пікіріне құлақ асып, қажет кезде жедел шешім қабылдай білу маңызды. Қанша адам атсалысса да, бәрінің жұмысы бір мақсатқа бағытталуы тиіс.

Осы жылдар ішінде түсінгенім – телевизияда қанша жерден мұқият дайындалсаң да, күтпеген жағдайлар туындауы мүмкін. Мұндай сәттерде сабыр сақтап, жағдайды дұрыс бағалап, дер кезінде шешім қабылдай білу аса маңызды.

– Қазір телевизия әлеуметтік желілермен, бейнеплатформалармен және тәуелсіз контент өндірушілермен бәсекелесіп отыр. Осындай жағдайда дәстүрлі телеарналар көрерменін қалай сақтап қала алады? Қазақстан телевизиясы қандай өзгерістерге дайын болуы керек деп ойлайсыз?

Асыл Алшурина
Фото: Асыл Алшуринаның жеке архивінен

– Бүгінде көрерменнің таңдау мүмкіндігі әлдеқайда кеңейді. Әлемнің түкпір-түкпірінде жасалған кез келген контентті өзіне ыңғайлы уақытта тамашалай алады. Сондықтан оның назарын аударып, қызығушылығын сақтап қалу барған сайын қиындап келеді. Қазір бағдарламаны эфирге шығарып, көрермен оны бұрынғы әдетімен көреді деп отыра беруге болмайды.

Заман өзгерген сайын көрерменнің де талғамы, ақпарат қабылдау дағдысы өзгеріп жатыр. Телевизия осы өзгерістерге бейімделіп, жаңа форматтарды игеріп, ұсынатын өнімінің сапасын арттыруы керек. Бүгінгі көрерменді қызықтыру үшін мазмұнды дүниені тартымды әрі заман талабына сай ұсына білу маңызды.

Мен әлеуметтік желілер мен цифрлық платформаларды дәстүрлі телевизияның бәсекелесі ретінде ғана қарастырмаймын. Керісінше, олар біздің жобаларымыздың кең аудиторияға жетуіне, көрерменмен тікелей байланыс орнатуға жол ашады. Ең бастысы – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білу.

Біздің телеарна да жаңа үрдістерді жіті қадағалап, заман талабына бейімделіп келеді. Сонымен бірге өзіне тән бағыт-бағдарын сақтауға мән береді. Меніңше, телевизияның болашағы да осы үйлесімде жатыр. Яғни мазмұнды әрі сапалы дүниені заманауи үлгіде ұсынып, оны көрерменге әртүрлі платформа арқылы жеткізе білуде.

– Шығармашылық идея мен көрермен сұранысының арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтайсыз? Продюсер ретінде қоғам алдындағы жауапкершілігіңізді неден көресіз?

– Мен шығармашылық еркіндік пен көрермен сұранысы бір-біріне қайшы келеді деп ойламаймын. Керісінше, осы екеуінің үйлесімін таба білу – продюсер жұмысының маңызды бөлігі. Әрине, көрерменнің талғамын, оны толғандыратын мәселелерді ескеру қажет. Бірақ көпшілікке ұнайтын дүниені қайталаумен ғана шектелсек, шығармашылықтың өзіндік ерекшелігі жоғалады. Сондықтан көрерменге бұрын байқамаған қырды көрсетіп, жаңа ой ұсына алатын жобаларға мән беремін.

Ал қоғам алдындағы жауапкершілік, ең алдымен, эфирге қандай дүние ұсынып отырғаныңды және оның көрерменге қалай әсер ететінін түсінуден басталады. Телевизияның міндеті тек көңіл көтеру емес. Ол адамның танымын кеңейтіп, өмірге басқа қырынан қарауына, айналасындағы адамдарды тереңірек түсінуіне ықпал ете алады.

Мен үшін адалдық, еңбекқорлық, адамға құрмет, отансүйгіштік пен білімге ұмтылу сияқты құндылықтар маңызды. Бірақ оларды көрерменге құрғақ насихатпен жеткізу міндетті емес. Кейде бір адамның тағдыры, өмірлік таңдауы немесе жасаған ісі ұзақ айтылған ақылдан әлдеқайда әсерлі болады. Шынайы оқиға көрерменді толғандырып, өз өміріне де басқа қырынан қарауға жетелеуі мүмкін.

Сондықтан мен үшін жақсы контент – қызықты ғана емес, айтары бар, өмірмен үндесетін дүние. Телевизия қоғамның тыныс-тіршілігінен алшақтамай, адамдардың шынайы өмірін көрсете білгенде ғана өзінің құндылығын сақтайды.

Асыл Алшурина
Фото: Асыл Алшуринаның жеке архивінен

– Қазір жасанды интеллект те контент өндірісіне белсенді еніп жатыр. Бұл технология продюсердің жұмысын қаншалықты өзгертеді? Болашақта адам шығармашылығының қандай қырларын технология алмастыра алмайды деп ойлайсыз?

– Жасанды интеллект бүгінде жұмысымызды жеңілдетіп, көптеген істі жылдам әрі тиімді атқаруға көмектесетін құралға айналып келеді. Оның көмегімен күнделікті қайталанатын жұмыстарды оңтайландырып, қажетті ақпаратты іздеуге, жүйелеуге, талдауға, тіпті контенттің жекелеген бөліктерін әзірлеуге болады. Бұл мамандардың уақытын үнемдеп, шығармашылық ізденіске көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді.

Дегенмен жасанды интеллект шығармашылық мамандарды толық алмастыра алады деген пікірмен келіспеймін. Ол белгілі бір бейнені жасап, сценарийдің бастапқы нұсқасын ұсынуы мүмкін. Бірақ адамның өмірден түйген тәжірибесін, сезімін, өзгенің көңіл күйін түсіне білу қабілетін технологиямен алмастыру қиын. Шығармашылықтың құндылығы да осында деп ойлаймын.

Әсіресе терең эмоциялық қабылдауды қажет ететін тақырыптарда мұның маңызы ерекше. Өйткені мұндай туындыларды әзірлеу үшін ақпаратты өңдеу немесе әдемі көрініс жасау жеткіліксіз. Оқиғаның астарына үңіліп, оның адамға қалай әсер ететінін сезіне білу қажет.

Сондықтан мен жасанды интеллектіні шығармашылық ұжымның орнын басатын технология емес, оның мүмкіндігін кеңейтетін көмекші құрал деп қабылдаймын. Ең бастысы – жаңа технологиялардың игілігін пайдалана отырып, өз авторлық көзқарасыңды жоғалтпау. Өйткені технология қанша дамыса да, шығармашылықтың өзегінде адам мен оның дүниетанымы тұрады.

– Шетелде білім алып, халықаралық тәжірибемен танысқан маман ретінде Қазақстанның шығармашылық әлеуетін қалай бағалайсыз? Бізде әлемдік аудиторияға қызықты болатын идеялар мен оқиғалар жеткілікті ме? Отандық жобалардың халықаралық деңгейде танылуы үшін не қажет?

– Мен Қазақстанның шығармашылық әлеуеті зор деп есептеймін. Еліміздің бай мәдени мұрасы, әлемге танытуға лайық тарихы, талантты өнерпаздары мен білікті мамандары бар. Мұның бәрі шетелдік көрерменнің де қызығушылығын тудыратын сапалы дүниелер жасауға негіз бола алады.

Халықаралық ынтымақтастықтың жарқын мысалы ретінде біздің телерадиокорпорация Қытай медиакорпорациясымен (CMG) бірлесіп жүзеге асырып жатқан Silk Way Star жобасын атап өтер едім. Биыл Қытайдың Иу қаласында жобаның екінші маусымының түсірілімін аяқтадық. Жақын арада ол Jibek Joly телеарнасынан көрсетіледі. Ал Қытай көрермендері бұл жобаны қазірдің өзінде CCTV-3 және CCTV-15 арналары арқылы тамашалап жатыр.

Бұл тәжірибе қазақстандық жобалардың халықаралық аудиторияға жол таба алатынын көрсетті. Меніңше, әлемдік көрерменнің назарын аудару үшін өзгелерге еліктеудің қажеті жоқ. Керісінше, өзіміздің тарихымызды, мәдениетімізді, ұлттық болмысымызды танытатын оқиғаларды қызықты әрі тартымды етіп жеткізе білуіміз керек. Өйткені бізді өзгелерден даралайтын да – осы ерекшелігіміз.

Әрине, халықаралық деңгейде табысқа жету үшін тың идеямен қатар, мықты шығармашылық ұжым, кәсіби өндіріс пен сенімді серіктестер қажет. Осы мүмкіндіктерді ұштастыра білсек, қазақстандық креативті индустрияның әлемдік кеңістікте өз орнын қалыптастыруға әлеуеті толық жетеді деп сенемін.

Асыл Алшурина
Фото: Асыл Алшуринаның жеке архивінен

– «Республика азаматы» айдары өз еңбегімен қоғамға үлес қосып жүрген жандарды таныстыруды мақсат етеді. Сіз үшін елге қызмет етудің мәні неде? Отандық телевизияның дамуына қосқан үлесіңізді қалай бағалайсыз және медиа саласында қандай із қалдырғыңыз келеді?

– Мен үшін елге қызмет ету, ең алдымен, өз ісіңді адал атқарып, еңбегіңнің мәні мен маңызын терең түсінуден басталады. Қай салада жүрсең де, жұмысыңа жауапкершілікпен қарап, қолыңнан келген істі сапалы орындаудың өзі – қоғамға қосқан үлесің деп білемін.

Біздің еңбегіміздің нәтижесі көрерменге ұсынылатын бағдарламалар мен телевизиялық жобалардан көрінеді. Сондықтан әр туындының сапалы, мазмұнды әрі қызықты болуы мен үшін маңызды. Еңбегіміз арқылы көрерменге пайдалы дүние ұсынып, отандық телевизияның дамуына аз да болса үлес қоса алсақ, соның өзі үлкен жетістік.

Мен қазақстандық телевизияның дамып, отандық мамандардың кәсіби мүмкіндіктері кеңейе түскенін қалаймын. Ал өзімнің осы салада қандай із қалдырғым келетініне келсем, мен үшін еңбектің нәтижесі тек эфирге шыққан бағдарламалармен немесе жүзеге асқан жобалардың санымен өлшенбейді. Сол жобаларды бірге жасаған адамдардың тәжірибе жинақтап, кәсіби тұрғыдан шыңдалып, өз ісінің шеберіне айналғаны да маңызды.

Егер менімен бірге еңбек еткен мамандар жаңа белестерді бағындырып, ортақ ізденістен туған идеялар мен тың форматтар өз көрерменін тауып, әрі қарай дамып жатса, мұны жұмысымның ең құнды нәтижелерінің бірі деп санар едім. Өйткені менің түсінігімде нағыз жетістік – өзің жасаған дүниемен ғана шектелмей, өзгелердің де өсуіне жол ашу. Артыңда жақсы жобалармен бірге мықты команда мен жалғасын табатын бастамалар қалса, еңбегіңнің зая кетпегені. Мен үшін отандық медиа саласының дамуына үлес қосу дегеніміз де – осы.