Республика азаматы: Ана тілінің абыройын ойлаған жас ұстаздың арманы асқақ
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-сарапшы, педагогика ғылымдарының магистрі Бақдәулет Салауатов – жас та болса, өз ортасында беделді, шәкірттерінің алғысына бөленіп үлгерген ұстаздардың бірі.
Бақдәулет Дарханұлы бұдан 28 жыл бұрын Атырау облысы Құрманғазы ауданы Азғыр ауылында дүниеге келді. Көршілес Сүйіндік ауылынан орта мектепті тәмамдап, 2015 жылы арман қанатында Орал қаласына аттанып, студенттік өмірге қадам басты.
Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бакалавриат, магистратурасын оқып шықты.
Қадыр Мырза Әлі атындағы қазақ орта мектебінде 2020 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бала кезінен кітапқа, жазуға құмар болып, өлең де шығаратын жас ұстаздық жолға кездейсоқ түскен жоқ. Сол себепті алдына келген әр шәкіртке заманға сай білім беріп, олардың ана тіліне деген көзқарасын өзгертіп, махаббатын одан сайын арттыра түсуді басты міндеті деп түсінеді.
Жастығына қарамастан, шәкірттерінің талай жетістігіне куә болып жүр. Оқушылары республикалық, облыстық додаларда топ жарып, талай жүлдені қанжығаларына байлап, жұлдыздай жарқыраған кезде еңбектің еленгенін, уақыттың босқа кетпегенін ұғынады. Әр шыңға шыққан шәкірттерінің өзіндік дара жолдары бар. Бірі – олимпиада жүлдегері, бірі – мәнерлеп оқудың мәйегі, енді бірі – театр сахнасын бағындыруға ұмтылған, ұстаздарының шын ұстарасы бола білген жандар.
Бақдәулеттің айтуынша, ол үшін бұдан асқан марапат, бұдан асқан жетістік жоқ. Барлығы да ана тілінің жолында тер төгу үшін армандарын арқалап аттанған жандар.
- Мен үшін ұстаздық — күнделікті сабақ берумен шектелетін қызмет емес. Бұл — адам тағдырына ықпал ету мүмкіндігі әрі үлкен жауапкершілік. Кейде өзіме «Мен шәкірттерімнің есінде қандай ұстаз болып қаламын?» деген сұрақ қоямын. Өйткені жылдар өте оқушы сабақта алған кейбір білімін ұмытуы мүмкін, бірақ ұстазының өзіне деген сенімін, қолдауын, айтқан жылы сөзін естен шығармайды. Мен үшін ең маңыздысы — шәкірт жүрегінде білімге құштарлық пен адамдық қасиетті қатар қалыптастыру, - дейді Бақдәулет Салауатов.
Шын мәнісінде еңбек жолында кездестірген талай талапты, талантты шәкірттердің әрқайсысының өзіндік орны бар. Олардың бойындағы білімге құштарлықты, ізденімпаздықты, ұлттық әдебиетке деген сүйіспеншілікті көрген сайын өз еңбегінің зая кетпегеніне қуанады. Шәкірттің жетістігі алған жүлдесімен ғана өлшенбейді. Оның адам ретінде қалыптасуы, өз ойын еркін жеткізе білуі, ұлтының рухани мұрасына құрметпен қарауы әлдеқайда маңызды.
Өзі «жұлдызды оқушыларым» деп атайтын саусақпен санарлық дарындылар бар. Әсіресе, мектептің 2023 жылғы түлегі Жансая Мұрат есімді оқушысын айрықша атап өтті. Болмысы бөлек, жаны әдебиетті сүйетін ерекше шәкірт еді. Тұңғыш рет мектеп тарихында қазақ тілі мен әдебиеті бойынша облыстық шығармашылық байқаудың бас жүлдесін алып келіп, мектеп тарихында қалған. Кейін республикаға қанат қақты. Өзінің де жетекші ретіндегі жеңісінің бастауы сол кезеңдер еді.
Бүгінде Жансая – Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 4-курс студенті, болашақ тіл маманы. Одан кейін 2026 жылғы мектеп түлектерін атамасқа болмас. Себебі 2020 жылы алғаш жас маман болып келгенде, тұңғыш сабақ берген 6 «А» сыныбы еді. Бұл сыныпта отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын небір талантты, пысық оқушылар оқыды. Фатима Қамидуллиева, Альфия Жолбатыр, Әселім Аманғос, Ердәулет Амантай сынды шәкірттері аудан мен облыс қана емес, республикалық додаларда мектеп мерейін үстем етті.
Көркемсөз оқу, эссе жазу, олимпиада, ғылыми жоба дейсіз бе, барлық байқауда топ жарып, қанжығасын майлайтын, тіпті кез келген сахналық қойылымды дөңгелетіп әкететін дайын таланттар еді. Бүгінде олар да студент. Қазіргі таңда мектеп қабырғасында сабақ беріп жүрген сыныптарында көздерінің оты бар, маңдайы жарқыраған оқушылар жоқ емес. Олардың табысы да көңіл қуантады. Солардың ішінде 10-сыныптағы Назерке Талапқа ерекше үміт артады.
Қадыр Мырза Әлі атындағы мектеп директоры Заманбек Әдиетов Бақдәулет Салауатовтың белсенді, ізденімпаз, жаңашыл қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі екенін жеткізді.
- Өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, мектеп өміріне белсене араласып жүрген әріптестеріміздің бірі. Тың бастамаларға ашық, кәсіби дамуға үнемі ұмтылып отырады. Әсіресе, оның өз ісіне деген ынтасы мен белсенділігін жоғары бағалаймын. Мектеп басшысы ретінде осындай жігерлі, бастамашыл педагогтердің ұжымымызда болғанын мақтан тұтамын, - дейді З.Әдиетов.
Осы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтін педагог-зерттеуші, педагогика ғылымдарының магистрі Аягүл Әбуғалиева әріптесі Бақдәулеттің еңбек жолының алғашқы күндерінен-ақ жалынды жігерімен, ізденісімен және кәсіби біліктілігімен таныла білгенін айтады. «Істі аяқтағанынан емес, бастағанынан таны» дегендей, жас маман болып келген кезінен әр іске жауапкершілікпен қарап, тың бастамаларға белсене араласып, ұстаздық жолдағы қарым-қабілетін көрсетті.
Әр шәкіртінің бойындағы қабілетті байқап, талабын ұштап, түрлі білім мен өнер додаларына баптап қосты. Шәкірттерінің алды республикалық байқауларда топ жарып, бүгінде жоғары оқу орындарының студенті атанды. Оқушыларының өз жолын тауып, үлкен өмірге сеніммен қадам басуы — ұстаз еңбегінің жемісі.
- Бақдәулет Дарханұлы шәкірт тәрбиелеумен қатар, өзінің кәсіби дамуына ерекше мән береді. Ұстаз ретінде түрлі байқауларға қатысып, талай додада топ жарып жүр. Үнемі ізденіп, тәжірибесін жетілдіруге ұмтылуы арқылы оқушыларына да еңбектің, табандылықтың үлгісін көрсетеді. Әріптес ретінде оның іскерлігін, ұжыммен тіл табыса білетін ашық мінезін, ортақ іске жанашырлығын бағалаймын. Қысқасы, жас болса да, еңбегімен танылып, шәкірттерінің сеніміне, әріптестерінің құрметіне ие болған ұстаз, - деді А.Әбуғалиева.
Бақдәулет Салауатов ұстаздық болмысының қалыптасуына өзі білім алған мектеп пен университет қабырғасындағы аяулы ұстаздарының ықпалы зор екендігін еш ұмытпайды. Адам өмірінде бағыт-бағдар беретін, жүрегіне сенім ұялататын тұлғалар болады. Ол үшін сондай жандардың қатарында мектепте білім мен тәрбие берген Серік Зайнеденов, Қымбат Қажымұратова есімді ұстаздарының орны ерекше. Олар тек білім беріп қана қойған жоқ, сөздің қадірін түсінуді, әдебиетті сүюді, адамға құрметпен қарауды, жалпы ұстаздық болмыстың ұлылығын өз әрекеттерімен үйретті.
Бүгінде өз шәкірттерінің алдына шыққан сайын сол ұстаздарының бойындағы жақсы қасиеттерді үлгі етуге тырысады. Өйткені ұстаздық — ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын рухани сабақтастық. Ал университет қабырғасындағы ұстаздарының ешқайсысын бөліп-жарғысы келмейді. Қазақ филологиясы кафедрасының қай оқытушысын алып қарасаңыз да, өз ісінің нағыз шеберлері. Ол сол бір алтын кезеңге тап болғанына, сондай білімді де білікті ұстаздардың алдынан өткеніне қуанады. Себебі белгілі әдебиетші-ғалым Серікқали Шарабасовтай шедевр ұстаздың алдын көрді. Серікқали Ғабдешұлы дәріс оқыған соңғы курс та Бақдәулеттер еді. «Шарабасовтың шекпенінен шыққандар» деген тірі тіркеске өзінің де енетіні — үлкен мақтаныш.
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Зейнолла Мүтиев Б.Салауатовтың үлгілі, көшбасшы студенттердің бірі болғанын мәлімдеді.
- Бақдәулет түрлі шараларды өткізуге мұрындық болып, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүретін. Ол мұғалім ретінде қазір де белсенді. Түрлі байқауларға оқушыларын әкеліп, олардың білімін шыңдап, жігерін жаниды. Үшіншіден, қайырымдылық қызметімен де танылып келеді. Ауыр дертке шалдыққан адамдар болса, солар жайлы әлеуметтік желіге салып, көмек қолын созатын жандарды іздейді, ұйымдастырады. Бұл да оның азаматтығының бір қыры деп есептеймін, - деді З.Мүтиев.
Жас ұстаз Бақдәулет Салауатов Қазақ елінің келешегін мемлекеттік тілдің тағдырынан бөліп қарауға болмайды деп пайымдайды. Тіл — ұлттың жаны, тарихи жады, рухани болмысы. Ана тілінің қадірін түсінбеген ұрпақтың ұлттық құндылықтарды терең сезінуі қиын. Дегенмен қазақ тілінің мәртебесін арттыруды құр ұранға айналдырмай, оны ғылымның, білімнің, технологияның, мәдениет пен күнделікті қарым-қатынастың тілі ретінде дамыту қажет.
- Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде мен осы жауапкершілікті күн сайын сезінемін. Себебі алдымда отырған әр шәкірт — ертеңгі қоғамның бір мүшесі, болашақтың бір бөлшегі. Бүгін оның жүрегіне ұлтқа деген сүйіспеншілік ұялата алсам, ана тілінің байлығы мен әдебиетінің тереңдігін сезіндіре білсем, бұл менің елімнің ертеңіне қосқан аз да болса үлесім деп білемін. Біздің буынға тәуелсіздікті жариялау бақыты бұйырмаса да, оның тұғырын нығайту, қадірін арттыру, келер ұрпаққа кемел күйінде жеткізу жауапкершілігі жүктелді. Бұл — үлкен аманат. Осы аманат үдесінен шыға алсақ, менің арманымның да орындалғаны деп білемін, - дейді мақала кейіпкері.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын ұстаздың шәкірт жүрегіне жол табу үшін әуелі мейірім керектігі туралы айтқанын жазған едік.