Республика азаматы: Анастасия Городко ауыр жарақаттан кейін әлемдік аренаға қалай оралды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстанның дамуына бейжай қарамайтын, өз ісіне адал, талантымен және табанды еңбегімен өзгелерге үлгі болатын азаматтар елдің өркендеуіне үлес қосып келеді. Солардың бірі – Шығыс Қазақстан облысынан шыққан фристайлшы Анастасия Городко. Ауыр сынақтан кейін спортшы қарлы беткейге қайта оралып, қиындықты еңсеру арқылы қайсарлығын көрсетті. Бүгінде ол әлемдік могул додаларында үздіктер қатарынан көрініп жүр.
Анастасия спортқа бес жасында келді. Алғаш рет анасы оны фристайл-могул секциясына алып келген. Жас спортшының алғашқы жаттықтырушысы – Виктор Рейхерд. Кейін оның дарыны ұлттық құрама сапында шыңдала түсті.
Анастасияның айтуынша, бала кезінде спортпен айналысуға деген ерекше ынтасы болмаған. Анасы оны секцияға апарған, ал уақыт өте келе спорт оның өмірінің бір бөлігіне айналды. Себебі жаттықтырушылар оның жетістіктерін байқап, болашағына үміт артты.
Спортшының өзі де осы уақытқа дейін жұмсаған еңбегін қимай, спортты жалғастырды. Осылайша, балалық шақтағы ермегі біртіндеп өмірінің маңызды бөлігіне айналды.
– Могул мен үшін жай ғана балалар секциясы емес. Мен бұл спорт түрін, оның ерекше әсері мен маған беретін адреналинін жақсы көремін, – дейді Анастасия Городко.
Қазақстанның фристайл-могул құрамасының бас кеңесшісі Елена Круглыхинаның айтуынша, Анастасия бала кезінен-ақ мәреге бірінші болып жетуге ұмтылған. Ол жеңіс үшін не істеу керегін көп ойламай, бар ынтасымен алға жылжыған.
Жаттықтырушы жас спортшымен жұмыс істеу қызық болатынын бірден түсінген. Қыз жаттығуларға мұқият қатысып, үнемі көтеріңкі көңіл күйде жүрген, бапкерлерінің айтқанын тыңдап, тәжірибелі спортшылардың тәлімін бойына сіңіруге тырысқан. Сонымен бірге Елена Круглыхина Настяның өзгеге еліктемей, өз болмысын қалыптастырғанын айтады.
Анастасияның өзінен де кімді үлгі тұтатынын сұрағанда, «өзім» деп жауап береді.
Спортшы қыз 2021 жылы Алматыда өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алып, өзін әлемдік деңгейде танытты. 2022 жылы Бейжіңде өткен қысқы Олимпиада ойындарына қатысып, финал-1 кезеңіне бір қадам жетпей қалды. Сол маусымда жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында бір алтын және екі күміс медаль иеленді.
Алайда осы жетістіктерден кейін жас спортшы ауыр сынаққа тап болды. Туған жері Шығыс Қазақстанда мотоциклмен келе жатқанда, Анастасия жеңіл көлікпен соқтығысып, жол апатына ұшырады. Апат салдарынан жамбас сүйегі сынып, балтырындағы байламдары үзілді. Жарақатына байланысты ол 2022/2023 жылғы маусымды толығымен өткізіп алды.
Алдымен Қазақстанда шұғыл ота жасалды. Кейін Германияда тағы бір хирургиялық ота жасалды. Осыдан соң ұзақ оңалту кезеңі басталды.
2019–2026 жылдары екі олимпиада кезеңінде Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы болған Елена Круглыхина сол қиын уақытта спортшыға қолдау көрсетіп, оны жалғыз қалдырмау және ауыр сынақты еңсеруіне көмектесу маңызды болғанын айтады.
Жаттықтырушының сөзінше, Настя бұрын-соңды шаңғы жолынан қорықпаған. Алайда апаттан кейін ақ түсті көліктерден үрейленетін болыпты. Бастан өткерген жағдай оның ерте есеюіне әсер етіп, өмірге және айналасындағы адамдарға деген көзқарасын өзгерткен. Анастасияның өзі де сол кезеңде көп нәрсені қайта ой елегінен өткізгенін айтады.
– Бұл жағдай мені тұлға ретінде қатты өзгертті. Өмірге бұрынғыдай бейқам қарамайтын болдым, психологиялық тұрғыдан күшейдім, – дейді спортшы.
Елена Круглыхина шәкіртінің спортқа қайта оралатынына ешқашан күмәнданбаған.
– Шаңғыға қайта оралатынымызға еш күмәнім болған жоқ. Бұл сенім Настяның ғана емес, айналасындағы адамдардың да жігерін нығайтуға көмектескен шығар. Кейін ол өзіне кімдердің көмектескенін білді. Мен оған бәрінің қалай болғанын, оның қайта оралуы үшін кімнің не істегенін айтып бердім. Тек оған сенбеген адамдар туралы айтпадым, өйткені онсыз да қиын жағдайды одан әрі ауырлатқым келмеді. Командада да дұрыс ахуал қалыптастыру маңызды болды. Настя бірде-бір оқу-жаттығу жиынынан қалған жоқ, біз оны өзгелерден бөліп қарастырмадық. Оның алдында басқа жұмыс, басқа міндет тұрғанын түсіндірдік, – деп еске алды Елена Круглыхина.
Германияда ұзақ уақыт емделіп, оңалтудан өткен Анастасия 2023/2024 жылғы маусымда шаңғы жолына қайта шықты. Италияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жеке могул сайысында алтын, параллель могулда күміс медаль жеңіп алды. Сол кезде спортшы жарақаты енді мазаламайтынын айтқан.
Елена Круглыхинаның айтуынша, қазір құрамада аға буын мен жас спортшылар арасындағы сабақтастықты қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Жасына немесе жетістіктеріне қарамастан, спортшылар бір залда, бір уақытта жаттығады. Мұндай тәсіл ортақ командалық рухты нығайтып, жас спортшылардың әлемдік фристайл жұлдыздарына қарап бой түзеуіне, сол деңгейге жетуге ұмтылуына мүмкіндік береді.
Қазіргі құрама көшбасшыларының өздері де кезінде тәжірибелі спортшылардың қолдауын көрген. Оларға Юлия Галышева, Дмитрий Рейхерд және басқа да аға буын өкілдері көмектескен. Енді олар өздері жинаған тәжірибесін кейінгі толқынмен бөлісіп, жас фристайлшыларға кеңес айтып, бағыт-бағдар көрсетіп келеді. Елена Круглыхина мұны өте қызық әрі маңызды үдеріс деп санайды.
2025 жылы Алматыда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Городко тағы екі медаль жеңіп алды. Осылайша, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттарынан жалпы жеті жүлде иеленді. Оның қоржынында үш алтын және төрт күміс медаль бар. Сол жылы спортшы ересектер арасындағы әлем чемпионатында мансабындағы екінші қола медалін иеленді.
2026 жылы Милан мен Кортина-д’Ампеццода өткен қысқы Олимпиада ойындарында Анастасия параллель могул сайысында ширек финалға дейін жетті. Алайда бұл кезеңде Олимпиаданың үш дүркін күміс жүлдегері, америкалық Джаелин Кауфқа есе жіберді.
Қазір 21 жастағы фристайлшы 2030 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына дайындалып, алдына нақты мақсаттар қойып отыр.
– Міндетім – күшейіп, спортшы әрі тұлға ретінде өсу, өзімнің әрбір жүрісімдегі ұсақ-түйекке дейін жетілдіру, жаңа нәрселер үйрену, – дейді Анастасия.
Қазақстандағы могул мектебінің дамуы туралы сөз қозғаған Елена Круглыхина жаттықтырушылар мен спортшылардың әзірге бір қалада шоғырланғанын атап өтті. Сондықтан мамандар жаппай спортшы жинауға ұмтылмай, әлеуеті жоғары атлеттермен мақсатты түрде жұмыс істеуді жөн көреді.
Оның пікірінше, болашақта жаттықтырушылардың бірі басқа қалаға барып жұмыс істесе, бұл могул мектебінің бүкіл ел көлемінде дами бастағанын көрсететін маңызды белгі болмақ. Ал маман команданың ауызбіршілігін табыстың басты құпиясы деп санайды.
– Тағы да қайталап айтамын: біз бөлінбеуіміз керек. Біз – үлкен-кішісі, жаттықтырушылары бар бір отбасымыз. Әрине, жалақысы жоғары болмаса да, балалар жаттықтырушысы болып жұмыс істеуге ниетті жастардың болғаны маңызды. Мен өзімнің мысалым арқылы жас әріптестеріме ең алдымен кәсібіңді сүю, орынды амбицияң болу, тек ақшаға байланып қалмай, өз ісіңе берілу, үнемі үйреніп, жетілу және бір-біріңе көмектесу керегін көрсеткім келеді. Кез келген өзекті мәселені шешудің жолын іздеу қажет. Сонда нәтиже де көп күттірмейді, ал оның артынан қаржылық мүмкіндіктер де пайда болады, – дейді маман.
Биыл маусымда Елена Круглыхина ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы қызметінен кетіп, оның орнына Дмитрий Бармашов келді. Ал Круглыхина команданың бас кеңесшісі қызметіне ауысты. Оның пікірінше, бұл – жаттықтырушылар штабының әр мүшесіне кәсіби тұрғыдан дамуын жалғастыруға мүмкіндік беретін дұрыс шешім.
Аға буынның тәжірибесі, команданың ауызбіршілігі және спортшылардың табандылығы арқасында Қазақстанның могул мектебі әлемдік аренадағы орнын нығайтып, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеп келеді.