Республика азаматы: чемпион Давид Дегтярев жолы мен спорттық философиясы

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Адал еңбек етіп, мемлекет пен қоғамға бейжай қарамайтын, күнделікті өмірдегі жеке үлгісімен өзге отандастарына өнеге болатын азаматтар ел дамуына өлшеусіз үлесіп қосып жүргені сөзсіз. Міндет пен мақсаттан қашпайтын, ең күрделі жұмыстарды қолға алатын мұндай адамдар біздің ортамызда жүр. Олардың бірі әрі бірегейі - екі дүркін Паралимпиада чемпионы және Азия Пара ойындарының жеңімпазы, пауэрлифтер Давид Дегтярев.

Давид Дегтярев
Фото: ҚР ҰОК

Давид Дегтярев халықаралық аренадағы көптеген жеңістерімен және темірдей тәртібімен адамның күші шекара білмейтінін дәлелдеп келеді. Ал оның әр жарыс алаңына шығуы бүкіл ел үшін ерлік пен қайсарлықтың үлгісіне айналған.

Биыл 19 қазан күні Жапонияда өтіп жатқан Азия Пара ойындарында Давид Дегтярев 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде парапауэрлифтингтен алтын медаль жеңіп, Азия Пара ойындарының жаңа рекордын орнатты.

Давид Дегтярев
Фото: ҚР ҰОК

Жарыстағы өнерін бағалаған спортшы бұл нәтиже - ел Туын көкке көтеріп, Әнұранды шырқауға мүмкіндік бергендіктен, көңілі толатынын атап өтті. Оның айтуынша, алғашқы екі кезең жоспар бойынша өткен, алайда үшінші әрекет сәтсіз аяқталды. Давид мұның неліктен болғанын әзірге айта алмайтынын жеткізіп, жарыстағы өнеріне мұқият талдау жасау қажет екенін баса айтты.

— Өзімізді күштірек, жақсырақ етіп дайындап, келесі жолы нәтижемізді жақсарта түсеміз, — деп сенімді түрде мәлімдеді Давид Дегтярев.

Чемпион үшін әрбір марапаттың орны бөлек, өйткені әр жүлденің артында төгілген тер мен еңбек жатыр. Сол себепті отандасымыз үшін Азия Пара ойындарының алтыны басқа жетістіктерімен салыстырғанда маңыздырақ немесе маңызы төмен емес. Дегенмен спортшы 2016 жылы Көкшетау қаласында өткен «Үміт» спартакиадасында жеңіп алған медалінің орны бөлек екенін жасырмады. Өйткені бұл оның ең алғашқы жарысы еді.

Давид Дегтярев
Фото: ҚР ҰОК

Спортшы өз жетістіктерін әрдайым туған жерімен тығыз байланыстырады.

— Бүгінгі жеңісімді Отаным — Қазақстанға арнаймын, - деді ол.

Бүгінде Давид Дегтярев — Қазақстаннан шыққан тұңғыш әрі жалғыз екі дүркін Паралимпиада чемпионы, парапауэрлифтингтен үш дүркін әлем чемпионы және Азия Пара ойындарының екі дүркін чемпионы.

Мұндай жоғары нәтижелерге қарамастан, спорттық мансабын әрі қарай жалғастыруға ең алдымен спортшыға отбасы күш-қуат береді. Оған қоса бапкері де уақыт өткен сайын оның қол қусырып бос отыруына жол бермейді. Чемпионның айтуынша, спорт — бұл тек физикалық тұрғыдан ғана емес, ішкі ой-сезім тұрғысынан дамуға, басқа елдерге саяхаттауға, жаңа таныстар тауып, өмірден жаңа мақсаттар табуға берілген тамаша мүмкіндік.

Давид Дегтярев
Фото: ҚР ҰОК

Давид Дегтярев шетелде Қазақстан Туы көтеріліп жатқанын көргенде мақтаныш, жауапкершілік және елі үшін қуаныш сезімін бастан кешетінін атап өтті. Ол мұны әрбір адам сезінуге тиіс керемет сезім деп атайды. Сонымен қатар 2021 жылы Токиода өткен алғашқы Паралимпиадаға қатысуы - оған артында тәуелсіз және күшті Қазақстан тұрғанын ерекше сезінуге мүмкіндік берген.

— Мен туған елімнің, отбасымның, жақындарымның орасан зор қолдауын сезініп, жеңіске жетудің қаншалықты керемет екенін түсіндім, — деп еске алады спортшы.

Бүгінде атағы жер жарған чемпион өз алдына тек спорттық рекордтар орнатуды ғана емес, қоғамға қызмет етуді де басты міндет санайды. Ол өскелең ұрпаққа бағдар көрсететін тұлға болуға ұмтылады.

Еске салайық, Бексұлтан Құлмырза дзюдодан Азия Пара ойындарында топ жарды.