Республика азаматы: қарағандылық онкологтың 40 жылдық еңбек жолы
АСТАНА. KAZINFORM – Валентина Сирота 40 жылдан астам уақыттан бері пациенттерге ота жасап, ғылыми жұмыспен айналысып, болашақ дәрігерлерге сабақ беріп келеді. Қарағандылық онколог бір кездері өзіне бұл мамандық бойынша жұмыс істемейтініне уәде берген, алайда тағдыр жолы басқаша өрілді. Профессор бүгінде өзінің дұрыс таңдау жасағанына сенімді, - деп хабарлады Kazinform агенттігінің тілшісі.
Қазақстан Республикасы күніне орай біз күнделікті еңбегімен ел дамуына үлес қосып, өзгелерге көмек қолын созып жүрген, келесі ұрпаққа қалдырар кәсіби тәжірибесі мол жандар туралы жазып жүрміз. Соның бірі – медицина ғылымдарының докторы, профессор Валентина Сирота. Ол онкология саласына арнаған саналы ғұмырында 300-ден астам ғылыми жұмысын жариялап, өнертабысқа арналған патенттер алды және отандық медицинаны алға бастайтын көптеген шәкірт тәрбиеледі.
Валентина Брониславовна ғылыми тәжірибесінің молдығына қарамастан, оқытушылықты әлі де практикалық жұмыспен ұштастырып келеді. Ол ота жасайды, студенттерге, ординаторлар мен аспиранттарға дәріс оқиды. Профессор сұхбатында бұл мамандыққа қалай келгенін, дәрігер үшін пациентті тыңдаудың маңыздылығын және жас мамандар аға әріптестерінен не үйрене алатынын айтып берді.
– Валентина Брониславовна, дәрігерлікті әу баста қаламасаңыз да онкологияға 40 жылдан астам уақытыңызды арнадыңыз. Бұл қалай болды?
– Бұл мамандықты мен таңдаған жоқпын, ол мені таңдады. Қарағанды мемлекеттік медицина институтының бесінші курсында оқып жүргенде хирургтар тобында болып, онкология циклінен өттік. Маған бұл пән мүлдем ұнамайтын. Сол кезде кез келген хирург болуға дайынмын, бірақ онколог болмаймын деп жарияладым. Бірақ «ешқашан ештеңе істемеймін» деп айтудың қажеті жоқ екен. Тағдыр бәрін басқаша шешті.
Институтты бітіргесін хирургия бойынша Балқаш қалалық ауруханасында интернатурадан өттім. Ол жерде онколог болмағандықтан интернатурадан кейін мені бастапқы мамандандыру мақсатында Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына жіберді. Қанша қарсылассам да қашып құтыла алмадым. Балқашқа барып, үш жыл жұмыс істеу керек болды. Осылайша еңбек жолым ауданның онкологы болудан басталды. Ал түнде хирургияның қабылдау бөлімінде кезекшілік еттім. Үш жылда жалпы хирургияда үйренгенім кейін онкологияда қажетіме жарады. Мені ота жасаудың ауқымы қызықтырды, сондықтан клиникалық ординатураға, содан кейін онкология бойынша аспирантураға түстім. Бұл осы салаға біржола бет бұрудың алғашқы қадамдары еді. Осы күні дұрыс таңдау жасағаныма көзім жетті. Егер қайтадан таңдау мүмкіндігі берілсе, ойланбастан онкология саласына келер едім.
– Жылдар бойы мыңдаған науқаспен жұмыс істедіңіз. Соның ішінде есте қалғаны және сізге ой салғаны қайсысы?
– Науқас та, ота да көп болды. Қапелімде еске түсе қоймайды, дегенмен, мына бір оқиғаны әлі ұмытпаймын. Облыстық онкология орталығында жұмыс істей бастағанымда абдоминалды онкология бөлімшесіне түстім. Бірде егде жастағы науқас әйелге асқазанды субтотальды резекциялау отасын жасадым. Таңертең палатаға кірсем, үстелшенің үстінде ашытылған қырыққабат салынған тәрелке, дәлірек айтқанда, астың қалдығы тұр екен. Пациент көңілді, қуанып тұр. «Дәрігер, ашытылған қырыққабат жегім келді» деді. Аң-таңмын, не айтарымды білмей қалдым. Мұндай оталардан кейін науқасты әдетте бес күн бойы тамыр арқылы тамақтандырамыз. Ал ол кісі «ештеңе қылмайды» деп мені жұбатты. Айтқаны келіп, аман-есен үйіне жазылып шықты. Жедел хирургияда жұмыс істеп жүріп байқағаным, егер пациент отадан үзілді-кесілді бас тартса, оны тағы бір рет мұқият қарап, қосымша тексеруден өткізу керек. Сырқат адам өте сезімтал болып келеді, сондықтан олардың сөзі мен іс-әрекетіне мұқият болған жөн.
– Хирургияда дәрігердің шешімі адам өміріне тікелей әсер етеді. Күрделі жағдайда қалай сабыр сақтауға болады?
– Келісемін. Отаның нәтижесі, әсіресе, күтпеген жағдайларда хирургтің шешіміне тікелей байланысты. Бірақ хирург ауруханада жұмыс істей жүріп ешқашан жалғыз қалмайды. Жанында міндетті түрде қиын жағдайда көмектесіп, дұрыс кеңес беретін аға әріптестері болады. Сондықтан хирург әрдайым сабырлы болады. Дәл осы иық тіресіп жұмыс істеу біздің мамандығымызда қалуға көмектеседі.
– 2003 жылы сүт безі қатерлі ісігін арглабинды қолдана отырып кешенді емдеуге арналған докторлық диссертация қорғадыңыз. Жұмысыңыздың мәні неде және сіздің тәжірибеңіз барысында онкология саласы қалай өзгерді?
– Менің докторлық диссертациям «Халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі «Фитохимия» АҚ-да әзірленген жаңа арглабин препаратын қолдана отырып, сүт безі қатерлі ісігін кешенді емдеуге арналды. Препараттың ісікке қарсы әсерінің негізгі механизмі – сау тіндерді зақымдамай, тек ісік жасушаларына таңдамалы түрде әсер етуінде. Полихимиотерапияның стандартты режимдерімен біріктірілгенде ол науқастардың өмір сүру сапасын жақсартуға, химиотерапияны жеңіл көтеруге және қандағы ісік маркерлерінің көрсеткіштерін төмендетуге ықпал етеді. Препарат химио-радиосенсибилизациялаушы әсерінен бөлек, иммунокорригирлеуші белсенділік танытты. Онкология кафедрасында бірқатар клиникалық сынақ өткізіп, нәтижесінде іс-әрекет механизмі бойынша арглабиннің таргетті препарат екені бекітілді. Дәлірек айтқанда, препараттың әсері тікелей ісік жасушасының өзіне емес, ісік сигналының берілу жолдарына бағытталған.
Ғылым бір орында тұрмайды, медицина техникалық прогресспен қатар адымдап келеді. Мен еңбек еткен жылдары бұл салада үлкен өзгерістер болды. Қатерлі ісіктің көптеген түрін анықтау мен емдеудің тәсілі өзгерді, соған сай аурушаңдықтың болжамы жақсарып келеді. Таргетті терапия, иммунотерапия, гендік инженерия секілді жаңа емдеу әдістері пайда болды. Адам геномы қарқынды зерттеліп жатыр. Хирургиялық емдеу тәсілдері де өзгеріп, видеоскопиялық оталар жасалатын болды.
Бүгінгі таңда онкологиялық ауруларды ерте анықтау, жоғары технологиялық емдеу әдістерін енгізу және диагноз қойылған сәттен бастап емдеу басталғанға дейінгі уақытты қысқарту өте өзекті болып отыр.
– Медицинаның дамығанына қарамастан көпшілік аурудың атын естуден әлі қорқады және дәрігерге баруды кейінге қалдырады. Неге бұлай және әрбір адам нені білуі керек деп ойлайсыз?
– Адамдар «қатерлі ісік» сөзін естігенде есеңгіреп қалады, содан дәрігерге көрінуден қашады. Мұның тағы бір себебі ауру алғашқы даму сатыларында көбіне ешқандай ауырсыну тудырмайды.
Пациенттерден неге медициналық көмекке дер кезінде жүгінбегенін сұрағанда «еш жерім ауырған жоқ» деп жауап береді. Бірақ олар ауырсыну сезімі пайда болған сәтте ісіктің үлкен өлшемдерге жетіп үлгеретінін, ал сауығу мүмкіндігі азаятынын қаперіне алмайды.
Әрбір адам ішкі ағзалардың қатерлі ісігі әртүрлі ауру кейпінде көрінуі мүмкін екенін ескеруі тиіс. Сондықтан өзінің денсаулық жағдайына мұқият болу қажет. Қандай да бір ағзаңыз сыр берсе, дәрігерге көрініп, тексеріліңіз. Жыл сайын профилактикалық бақылаудан, скринингтен өтудің маңызы зор. Мұрыннан, жөтелгенде, жыныс жолдарынан немесе тік ішектен қан аралас бөліністер байқалса, дереу учаскелік дәрігерге барыңыз. Теріде пигментті дақтар немесе кез келген басқа өзгерістер пайда болған жағдайда да дәрігерге қаралуды кейінге қалдырмаған жөн. Бастысы, күтпеңіз. Дер уақытында медициналық көмекке жүгініңіз.
– Сіздің жетекшілігіңізбен 11 зерттеуші диссертациясын қорғаған екен. Ал өзіңіз 300-ден астам ғылыми жұмыстың авторысыз. Сіз үшін жас дәрігерлерге нені үйрету маңызды?
– Жас дәрігерлер бірінші кезекте кез келген қиын жағдайда адам болып қалу керек екенін білуі тиіс. Пациентті түсініп, қолдау көрсетіп, оң шешім қабылдау маңызды. Ол үшін өзінің кәсіби деңгейін көтеріп отыруы керек. Үнемі оқу, ақпарат іздеу, көпті көрген әріптестерінің кеңесіне құлақ асып, өзінің дара жолын табуға тырысуы керек. Егер шәкірт өзін тауып, өз соқпағын сала білсе, бұл – оның мамандық биігін бағындырғаны, кәсіби шеберге айналғаны. Біздің де жастардан үйренеріміз бар. Олар бізге заманауи технологияны, интернет, жасанды интеллектіні қолдану арқылы қалай жұмыс істеуге болатынын үйретеді. Медицина алға жылжып келеді, біз де көшке ілесуіміз керек.
– Кәсіби жетістіктердің артында жылдар бойғы тынымыз еңбек тұрады. Мамандық үшін қандай да бір құрбандыққа барған жағдайлар болды ма? Бәріне қолды бір сілтеп кеткіңіз келген кез болды ма?
– Мамандық үшін ешқандай құрбандық жасадым деп есептеймін. Мен мектепте, институтта оқып жүргенде-ақ жұмыс істеп үйренгенмін. Өз жұмысымды алдын ала жоспарлауға, бәрін кейінге қалдырмауға, соңғы минутта немесе соңғы күнде асығыс істемеуге дағдыланғанмын. Мен ешқашан мамандығымнан жалыққан емеспін, бәрі өз ретімен, өз арнасымен өтті.
– Соңғы сұрақ. Жас дәрігерге, қатерлі ісік диагнозын енді ғана білген науқасқа және еңбек жолын жаңа бастаған кездегі өзіңізге қандай тілек айтар едіңіз?
– Жас маманға ешқашан тоқтамауды, басқа бағытқа мойын бұрмауды, бір сөзбен айтқанда кәсіби өрлеу тілер едім. Ал аты жаман ауруға шалдыққанын жаңа естіген пациентке сырқаты, қандай тәуекел күтіп тұрғанын, болжам мен емдеу әдістерін толық түсіндірер едім. Өзіме еңбек жолымның бастауында ештеңе айтпас едім. Өйткені мен не қалайтынымды о баста білдім.