14:13, 19 Қаңтар 2009 | GMT +5
Республика бойынша 1,5 мың азамат көлік жүргізу құқығынан айырылды
АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Жыл басынан бері елімізде 448 жол-көлік оқиғасы орын алып, оның салдарынан 73 адам мерт болды.
Ал дене жарақаттарын алғандар - 577 адам. Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Бағдат Қожахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның деректеріне қарағанда, жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылмен салыстырғанда - 20 пайызға, ал қаза болғандар 24,7 пайызға кеміген. «Сондай-ақ жарақат алғандар 11,2 пайызға азайған. Жыл басынан бері 96,8 мың жол ережесін бұзу фактісі тіркелсе, оның ішінде 3 мың 611 адам көлікті мас күйінде жүргізген. Осыған байланысты сот шешімімен 1,5 мың жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылып, 288 адам әкімшілік жауапқа тартылды», деді Б.Қожахметов.