13:21, 05 Қазан 2010 | GMT +5
Республика бойынша «Қауіпсіз қала» жедел-алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр
АСТАНА. Қазанның 5-і. ҚазАпарат - Қазанның 4-і мен 8- і аралығында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау мақсатымен республика бойынша «Қауіпсіз қала» жедел-алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Астана қаласы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін адамдарды тұрып жатқан жерлері бойынша тексеру, тұрғылықты мекен-жайлары жоқ адамдарды анықтау, құжатсыз тұрып жатқан азаматтарды жауапкершілікке тарту жөніндегі іс-шаралар кешені дайындалған. Сонымен қатар, кәмелеттік жасқа толмаған қаңғыбас балалар мен оларды қылмыстық іс-әрекеттерге итермелейтін тұлғаларды анықтайтын жұмыстар қолға алынады.
Қылмыскерлерді, із-түзсіз жоғалғандарды іздеу бойынша жедел іс-шаралар өткізіледі. Жол полицейлері жол қозғалысына, мас күйінде және сәйкес құжаттарсыз көлік басқарған азаматтарды анықтауға ерекше бақылау қояды. Көңіл көтеру орындары мен оқу орындарында есірткі пайдалану, оны сату фактілерін анықтайтын рейдік іс-шаралар да ұйымдастырылады.