Республика бойынша қазақ тілінде қаралатын сот істерінің саны әлі де төмен - Жоғарғы Сот Төрағасы

Бұл туралы бүгін Астанада «Сот ісін мемлекеттік тілде жүргізудің өзекті мәселелері» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде Жоғарғы Сот Төрағасы Бектас Бекназаров мәлім етті.
«Ең басты мәселе - республика бойынша қазақ тілінде қаралатын сот істерінің саны әлі де төмен. Бұл арада осы олқылық үшін тек жергілікті соттардың басшылары мен судьялары кінәлі деген пікірден аулақпын. Осы мәселені зерделеу кезінде іс бастапқыда қай тілде қозғалса, сот ісі де сол тілде қаралатыны көрсетіп отыр»,-деді ол.
Қазақстанда 2009 жылы өткен соңғы халық санағының деректері бойынша 15 және одан жоғары жастағы адамдардың 65 пайызы қазақ тілін еркін меңгерген. «Облыстық соттардың берген мәліметтері бойынша біз сондай қажетті деректерді жинадық. Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындылары бойынша мемлекеттік тілде қаралған сот істерінің саны 25 пайызды ғана құрайды»,-деді Б. Бекназаров. Бірінші сатылы соттарда қаралған қылмыстық істердің 28 пайызы, азаматық істердің 15 пайызы, әкімшілік істердің 26 пайызы ғана мемлекеттік тілде қаралып отыр. Сот істері негізінен қазақ тілінде қаралған өңірлердің арасында Қызылорда (75 пайыз), Атырау (71 пайыз), Оңтүстік Қазақстан (61 пайыз), Маңғыстау (58 пайыз) облыстары бар.
«Ал Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай облыстары мен Алматы қаласындағы соттарда керісінше мемлекеттік тілде қаралған істер аз болып отыр»,-деді Жоғарғы Сот Төрағасы.