Республика бойынша мәслихат депутаттығына сайлау өтті
АСТАНА. 28 қазан. ҚазАқпарат - «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңының 101-бабы 4-тармағына сәйкес кеше республиканың 14 өңіріндегі 72 сайлау округінде шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлау өтті. Бұл туралы аталған комиссия баспасөз қызметінің жетекшісі Венера Жексембекова мәлім етті.
Оның атап өтуінше, кеше Астана қаласының мәслихат депутаттары,18 облыстық, 18 қалалық және 36 аудандық мәслихат депутаттары сайланған. Ұсынылған 244 кандидаттың 77-сі саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер атынан түссе, қалған 167-сі өзін-өзі ұсынған. Орташа бәсекелестік 1 депутаттық мандатқа 2-ден аса кандидат болған. Сайлаушылар тізіміне 478344 адам енгізіліп, оның 338016-сы дауыс беруге қатысқан.
«Сайлаушылардың орташа жасы 47 жасты құрайды. 67 депутаттың жоғары білімі бар. Мамандығы бойынша он тоғызы - инженер, он үші - экономист, оны - оқытушы, сегізі - дәрігер, бесеуі - ауыл шаруашылығы маманы, бесеуі - заңгер, алтауы - басқа мамандық иелері, біреуі мамандығын көрсетпеген», - дейді ол.
В.Жексембекованың айтуынша, сайлау науқаны сайлау заңнамасы талаптарына сай өткізілген. ОСК-ге 4 арыз түсіп, олар комиссия мүшелері тарапынан тиісінше жауаптар мен түсініктемелер алған.